Тоқаев: Төтенше жағдайдың алдын алу ісінде олқылық көп
Барлық салаға инновациялық тәсілдер енгізу үшін қолайлы жағдай жасаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында осылай деді.
Сондықтан бірқатар өзекті мәселені назарға алуымыз керек.
БІРІНШІ. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр – деді ол.
Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды.
Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек – деді Президент.
Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық.
Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік үш жылдық зерттеу жұмыстарына қаржы бөледі. Энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты министрліктер тиісті саланы, ал әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе, төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастықты жұмылдырған жөн – деді Тоқаев.
Яғни гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандарын тарту қажет.
Тағы да қайталап айтқым келеді, мемлекеттік органдар барлық істе, ең алдымен, сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Шешімдер әбден пысықталып, нақты негізделіп барып, қабылдануға тиіс. Талдау жүргізіп, ахуалды болжау үшін ғалымдардың қолында, зерттеу орталықтарында қажетті құрал-жабдықтар болуға тиіс – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жылдары әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт көбейді. Яғни жаһандық индустрияландыру мен урбанизация үдерісі климаттың өзгеруіне тікелей әсер етіп отыр.
Кейбір болжамға қарасақ, бұл үрдіс алдағы бес жылда әлем экономикасына шамамен бес триллион доллар шығын әкеледі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау – біз үшін маңызды мәселенің бірі. ЮНЕСКО шешімімен 2020 жылы Алматыда құрылған Өңірлік гляциологиялық орталық климаттағы өзгерістерді зерттеуге зор үлес қосып келеді. Ғалымдарымыз мұздықтардың еруін зерттеп қана қоймай, селден және мұздақ көлдерден келетін қауіпке қарсы қорғанысымыздың осал тұстарын күшейту жолдарын да іздейді – деді Мемлекет басшысы.
Гляциологиялық орталықтың әлеуетін толық пайдалану қажет.
Үкімет орталықты ғимаратпен қамтамасыз ету міндетін шешіп жатыр. Енді Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Гляциологиялық орталықтың қызметі туралы келісімді ұзарту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Себебі оның мерзімі биыл аяқталады. БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммиті өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықаралық қоғамдастықтың назарын мұздықтардың еруі, өзендер мен көлдердің таяздануы, шөлейттену, жердің тозуы сияқты проблемаларға аударуға мүмкіндік береді. Саммитке дайындықты қазірден бастау керек. Бұл жиын өңірлік және жаһандық экологиялық сын-қатерлерге төтеп беру үшін ғалымдардың, сарапшылардың, саясаткерлердің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал ететініне сенімдімін – деді Тоқаев.