Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысын өткізді

www.akorda.kz

Халқымыз 80 жыл болмаған алапат тасқынмен күресіп жатыр.

Көптеген елді мекенді қарғын су басты. Ахуал күрделі. Кейінгі жылдары табиғи апат бізді ғана емес, күллі жаһан жұртшылығын әбігерге салып отыр.

Тосыннан төнген қауіпке ғылым тосқауыл болу керек. Апаттың салдарымен күрескенше, оның алдын алған жөн. Болжам жасап, ертерек қамдануға инновациялық тәсілдер мен саралы сараптамалар көмектесе алады. Бүгін Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысын өткізіп, салаға серпіліс беретін ұсыныс айтты. Тапсырма жүктеді.

Ғылым табиғи апатқа тосқауыл бола алады

Қарғын су көктем басталғалы ел азаматтарын әуреге салды. Тосыннан төнген қауіп салдарынан талай жұрт баспанасынан айырылып, ауылынан алыстады. Бұл жағдайда білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. 

Мұны Мемлекет басшысы айтты. Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға мән берілмегеніне тоқталып, оның салдары енді көрініп жатқанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккендер көмектен құр қалмайтынын тағы бір мәрте нақтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдымызда тұрған міндеттер өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс.

Апат айтып келмейді. Десек те қазір әлем елдері табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл бола алмай әлек. Жаһанда жер сілкініп, өрт тұтанып, су тасып жатыр. Бір ғана санмен мысал келтірейік. 1980-1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары оның саны 4 мыңға жуықтады. Яғни, аз уақыттың ішінде екі есе көбейді. Жартысына жуығы – суға қатысты апаттар.

Ал осы төнген қауіптен құтылатын жалғыз жол – ғылым. Президент ілімнің ізінде жүргендерді Ақордаға тегіннен жиған жоқ. Мұнда табиғи апатты болжап, онымен күресу үшін осы саланың әлеуетін барынша пайдалану мақсаты тұр. Өткеннен сабақ алып, кемшіліктерге бой алдырмау керек. Осыған орай Президент бірқатар тапсырма жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен, білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек.

Соңғы уақытта алматылықтардың да көңілі алаң. Жұрт: «жер сілкінісі енді қашан болады», – деп мазасызданып отыр. Мемлекет басшысы Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізілетінін мәлімдеді. Әкімдік 3 жылдық жұмысқа қаржы бөледі. Мұндай міндет өзге де мемлекеттік органдарға жүктелген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты министрліктер тиісті саланы, ал әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастықты жұмылдырған жөн. Яғни, гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандарын тарту қажет.

 

Ғылым оңбай, экономика оңалмайды

Ғылым оңбай, экономика оңалмайды. Мұны ескерген алпауыт мемлекеттер  әлдеқашан көшін түзеп алды. Ордалы отырыста Президент ғылымның экономикаға әсеріне кеңінен тоқталды. Әкімдіктер жанынан ғылыми кеңес құруды ұсынып, зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу керек, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отандық ғылымның алдында Қазақстан экономикасын декарбонизациялауға байланысты маңызды міндет тұр. Дамыған елдердің көбі жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды белсенді іске асырып отыр. Сондай-ақ олар көміртексіз дамуға көшіп, жаңа экономикалық кластерлер құру үшін қажетті технологиялық әлеуетке ие. Бұл саладағы жаһандық үрдістер көшінен қалмау үшін бізге өз ерекшеліктеріміз ескерілген төл ғылыми әзірлемелер қажет.

 

Қ. Тоқаев: Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет

Ілім мен ізденістің ізіне түскен жұртпен терезені теңестіру үшін жаңа инновацияны меңгеру маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында жасанды интелектіні жедел дамытуды тапсырды. Бұл халықтың тұрмысын да, тынысын да түбегейлі өзгертеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек. Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет.

Жасанды интелект мемлекеттік тілді дамытуға да мықты серпін берер еді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір ана тілінде сайрайтын тың технологияны жасау жұмысы қолға алынғанын атап өтті. Игі бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз ететінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс.

 

Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты

Білімді әрі білікті ғалымдарға сұраныс қашанда жоғары. Қазір олар университеттерден жалақысы көп мектептерге немесе ғылыми ұйымдарға жаппай ауысып жатыр. Олқылықтарды жіпке тізген Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40%-тен сәл асатынын айтты. Тиісінше бұл сапаға кері әсерін тигізеді. Одан бөлек, Президент зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға қаржыны еш кедергісіз бөлуді тапсырды. Ескі ғимарат, тозығы жеткен жабдық мәселесі осы жолмен шешіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Медицина ғылымында нәтижелі ізденістер бар. Қатерлі ісікке қарсы отандық ғалым Дос Сарбасов ойлап тапқан бірегей препарат – соның жарқын мысалы. Мұндай жобаларды жан-жақты қолдау керек. Ғалым Сарбасовтың Қазақстанда клиникалық зерттеулер хабын құру жөніндегі ұсынысын ескерген жөн деп санаймын. Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады.

Тағы бір міндет – кадрлық әлеуетті нығайту. Бұл істе сан да, сапа да маңызды. Отандық өнеркәсіп үшін де мамаңдар даярлау керек. Оның үстіне шетелде табысты еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдары көп. Олар мұхит асып, әлемді аузына қарататын өнертабыстар жасап жүр. Бұл білімді ұлт игілігіне арнаса деген тілек бар. Шетелде сұлтан болған отандық ғалымдар елге келіп қызмет етсе, еш ұтылмайды. Оларға барынша қолайлы жағдай жасалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отандастарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырамын. Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан, бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. Өте білімді адамдар, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай іздеп немесе жай ғана жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударады.

Ашығын айту керек, талай жыл бойы көп мәселенің беті ашылып, қордаланып қалды. Бой алдырған кемшіліктердің зардабын енді көріп жатырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі жол қиындықтарды бірлесе, келісе отырып еңсеру екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қалай десек те, алдымызда бір ғана жол бар. Біз барлық мәселені міндетті түрде шешуіміз қажет. Бұл – заманның да, халықтың да талабы. Жүйелі жұмыс істесек, барлығы орнына келеді деп ойлаймын. Дәл қазір жасалған іс-әрекеттің игілігін ертең кейінгі ұрпақ көреді. Сондықтан бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, адал еңбек етуіміз керек.

Ғылымға алдағы 3 жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Болашақта да бұл қаражаттың көлемі артпаса, кемімейді. Ғалымдардың жалақысы екі есе өскен. Шетелдің жетекші университеттерінің бөлімшелері да ашылып, грант саны көбейді. Президент бұл шарамен шектеліп қалуға болмайтынын ескертті.

Бекзат Аманов, тілші:

- Ордалы отырыста жас ғалымдардың заманы туғаны айтылды. Жаңа технология мен инновациялық шешімдерді жастарымыз жіті меңгерген. Мемлекет басшысы жастар ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек деді. Себебі ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, тұрмыс та түзеледі.

Авторы: Бекзат Аманов.