Қазақстанда пайдалы қазбалар қоры сарқылып барады
Геология саласын жаңа деңгейге көтеру керек. Сала мамандары осылай деп отыр.
Бюджеттің 70%-ін құрайтын пайдалы қазбалар секторында бөлек ведомство да жоқ. Жер қойнауын зерттеумен айналысатын комитетті 15 рет түрлі министрліктердің қарамағына ауыстырған. Бұдан бөлек, кадр тапшылығы тағы бар. Елдегі 19 жоғары оқу орнында 8,5 мың студент осы бағытта білім алып жатыр. Бірақ олардың дені мұнай мен газ барлау саласына кетіп қалады.
Ұлжабай Исмаилов – көп жылдан бері жер қойнауын зерттеген геолог. Ол темір, вольфрам, қоңыр көмір сияқты бірнеше кен орнын ашқан. Әр тастың тарихын терең білетін маман: «қазақстандық геология КСРО-дағы үздік еді», – деп сол кездегі еңбек жолын еске алды.
Ұлжабай Исмаилов, геолог:
- Қазіргі кен орындарындағы қор 10 жылға жетеді. Одан кейін кәсіпорындар мен зауыттар тоқтап қалады. Әлемде жер қойнауы қазбаларын белсенді пайдаланып жатыр. Мысалы, 20 жыл бұрын 600 млн тонна темір қажет болса, қазір – 2 млрд. Өнідіріс 10 есе өсті. Сол сияқты никель мен басқа да металдарға сұраныс артып келеді. Бір кен орнын үнемі пайдалана беруге болмайды. Сондықтан жаңаларын іздеп табу керек.
Жер қойнауын жүйелі зерттеу керектігін Президент те айтқан. Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға қарай геологиялық-геофизикалық зерттеулер аумағын 1,5 млн-нан 2 млн 200 мың шаршы шақырымға жеткізуді тапсырды. Оған 36 млрд 600 млн теңге қажет. Ал бөлінген қаржы бұдан үш есе аз. Инвесторлар үшін мұнай мен газ кен орындарын барлауға қаржы құю әлдеқайда тиімді. Олардың қызығушылығын арттыру үшін сенімді геологиялық ақпарат қажет, – дейді мамандар.
Марғұлан Байбатыров, ҚР ӨҚМ Геология комитетінің сараптама және бірыңғай кадастр басқармасының басшысы:
- Бізде саланы цифрландыру өте төмен деңгейде. Дегенмен сирек кездесетін металдар бойынша үлкен жұмыс атқаруға болады. Қазір барлық ілеспе компоненттер болса да, бұл сала нашар дамыған. Біз геологтар ретінде шикізатпен қамтамасыз ете аламыз. Бірақ сала оны технологиялық тұрғыдан шығара алмауы мүмкін.
Жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы заңға өткен жылдың соңында қол қойылды. Онда инвестиция тартуға қатысты бірқатар түзету бар.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы кен орындарында жұмыс істейтін инвесторларға балама салық түріндегі преференциялар қарастырылған. Яғни, рента салығынан, жеке табыс салығынан, үстеме пайда салығынан босату. Бұл салықтардың орнына балама салық енгізіледі. Біз оны заңда қарастырдық, бірақ оны іске асыру үшін жаңа Салық кодексіне осы өзгерістердің барлығын енгізу керек. Сонда ол жұмыс істейді.
Сарапшылар жаңа өзгерістер саланың дамуын ынталандыруға көмектеседі деп үміттенеді. Сараптама жүргізуге келісуді 6 айдан 2 айға дейін қысқартты. Қайталанатын тексерулерді жойды. Инвестор аукцион сатысында уақытты жоғалтпай, жұмысқа кірісе алады. Бұл жыл сайынғы инвестиция көлемін 200 млрд теңгеге дейін арттыруға сеп болмақ.
Авторлары: Гүлнара Хасан, Ғазиза Мұхамеджанова, Ержан Рахманбердиев.