Су тасқыны: 40 мыңнан астам адам үйіне оралды
Өңірлерде су тасқыны басталғалы қауіпсіз аймақтарға көшірілген 41 мың 200-ге жуық адам бүгінде өз үйіне оралды, деп хабарлайды 24KZ.
Бірақ әлі 6300-ден аса тұрғын эвакуациялық пунктерде қалып отыр. Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 мыңнан аса тұрғын үй мен 2844 аула аумағынан қарғын су сорылды. Бұл жайында Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп Республикалық штабтың брифингінде баяндады.
Су тасқыны басталғаннан бері медицина қызметкерлері 800-ге жуық адамға көмек көрсеткен. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары эвакуациялық пунктерде жұмысын жалғастырып жатыр. Жедел желі телефондарына азаматтардан түрлі сұрақтар бойынша 2200-ден астам қоңырау келіп түсті.