Президент Ресей хоккей федерациясының басшысын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей хоккей федерациясының президенті Владислав Третьякты қабылдады.
Кездесуде ТМД елдерінде спорттың бұл түріне серпіліс беру жайы талқыланды. Президент соңғы жылдары елдегі хоккейдің ауқымы айтарлықтай кеңейгеніне тоқталды. Елордалық «Барыс» клубы бастаған отандық командалардың түрлі турнирге қатысуы, сондай-ақ ұлттық құраманың әлемдік біріншіліктерде табысты өнер көрсетуі аталған спорт түрін кеңінен дәріптеуге оң ықпал еткенін жеткізді. Қазақстанда хоккей мектептері көбейіп, түрлі деңгейдегі жарыстар белсенді ұйымдастырыла бастаған. Өз кезегінде Владислав Третьяк Қазақстан хоккейінің өкілдері едәуір табысқа жеткеніне назар аударып, мұндай жетістік мемлекет тарапынан лайықты деңгейде мән берілуінің нәтижесі екенін айтты.