Президент Түркия Ұлттық мәжілісінің төрағасын қабылдады

Түркия Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі.

Сонымен қатар басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Былтыр екі жақты сауда-саттық көлемі 6 миллиард долларға жетті. Ендігі меже өзара сауда айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу. Бұл жөнінде бүгін Түркия Ұлттық мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Кездесуде Қазақстан мен Түркияның кеңейтілген стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Президент парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтіп, Түркия Ұлттық Мәжілісі төрағасының Қазақстанға сапарының мәні зор екеніне назар аударды. Өз кезегінде Нуман Куртулмуш атажұртта түрік делегациясына көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдірді. Тағы Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Түркістан қаласына барып, қасиетті орындарға зиярат ететіндігін де жеткізді. Әңгімелесу барысында мәртебелі мейман алдағы уақытта Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.