1 маусым – балаларды қорғау күні

Елімізде балалардың саны 7 миллионға жуықтайды.

Алдағы 3 жылда демографиялық көрсеткіш одан сайын жақсарып, бұл көрсеткіш 8 миллионға жетуі тиіс. Оқу-ағарту министрлігінің болжамы осындай. Елде жеткіншектердің дамуы үшін жылдан-жылға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Инновациялық орталықтар мен спорт кешендері және білім беру мекемелері бой көтеруде. Әрі балаларды қорғауға бағытталған заңнамалық құжаттар да қабылданды.

15 сәуірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қабылданды. Мемлекет басшысы тиісті құжатқа қол қойды. Оның негізгі тетігі – бала қауіпсіздігі. Сарапшылардың айтуынша, заң зор маңызға ие. Өйткені қазір жеткіншектерге қатысты қатыгездік көбейген.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Баланың денсаулығына жеңіл, орташа және ауыр деңгейдегі зиян келтіру, оны ұрып соғу мен азаптау әрекеттеріне қатысты заң күшейтілді. Ал педофилия ісі, кәмелет жасына толмағандарды өлтіру бойынша «өмір бойына бас бостандығынан айыру» жазасы қарастырылды. Сондай-ақ заңда балаларды қорқыту, оларға буллинг жасау, тіпті автобустан түсіріп тастауға да қатысты нормалар бар. Осылайша қабылданған құжат өзекті мәселелерді қамтып отыр. 

Қазір тәулік бойы жұмыс істейтін «111» байланыс орталығы іске қосылды. Ол зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған. Елдегі «Отбасын қолдау» орталықтарының да мәртебесі артты. Бұл мекемелерде, балаларға психологиялық көмек көрсетіледі. Ал ендігі міндет – жеткіншектерді қорғайтын қамқоршылық органдарының штатын көбейту, дейді балалар омбудсмені. Себебі бүгінде елде, мұндай 300 ғана маман  жұмыс істейді.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Біз қамқоршылық органдарының санын арттыруға тырысуымыз қажет. Себебі халықаралық стандартқа сәйкес, бір маманға 5 мың баладан келеді. Ал біздің елдегі 7 мыңға жуық балаға – тек 300 маман бар.  Мәселен, Шымкент қаласындағы 485 мың балаға 5 қана қамқоршыдан келіп отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруіміз қажет. 

Қабылданған заңға сәйкес, балалар тарапына буллинг жасауға тыйым салынады. Парламент құжатқа осындай норма енгізген болатын. Депутаттардың айтуынша, бұл мақсаттағы заңнаманы үнемі жетілдіріп отыру қажет. Қазірдің өзінде мәжілісмендер, құжатқа толықтыру енгізуді ұсынып отыр. Бұл жолы «кибербуллинг» мәселесін қарастыру керек, дейді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің ойымызша, қазір желіде талқыланатын контенттің моральдық тұсына ешкім жауапкершілік алмауына байланысты, 14 жасқа дейінгі бөлек, 16 жасқа дейін бөлек және кәмелет жасқа толғанға дейінгі азаматтар үшін әлеуметтік желіні қолдану, аккаунт ашу, ол жерде контентті тұтынуға байланысты нақты заң нормалары қажет болады. Біз оны қыркүйектен бастап талқылап бастайтын боламыз. 

Баланың жағдайын жақсарту да мемлекет алдындағы басты міндет. Биыл «Ұлттық қор балаларға» жобасы іске қосылды. Жобаға сәйкес, қордың инвестициялық табысының 50 пайызы кәмелет жасқа дейінгі барлық баланың шотына жіберіліп отыруы тиіс. Осы жылы 6 миллионнан астам балаға 695 миллион доллар ақша түсті. Яғни әр баланың шоты 100 доллар 52 центке толықты. 18 жасқа толған бала, жиылған қаражатты өзінің біліміне немесе баспана сатып алуға жұмсай алады.

Мұрат Шәріпов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарушы директоры:

- Бұл ақпаратты БЖЗҚ «егов.кз» сайтынан көруге болады. Жеке кабинеттен көруге болады. Немесе егов.кз порталында жеке сәйкестендіру номерін теру арқылы көруге мүмкіндік болады. Есептелген соманы кез келген азамат, ата-аналары ЖСН арқылы көруіне болады. Ақшаны қолдану үшін бір жерге барып, қағаз құжат тапсырып, шот ашып, ештеңе қажеті жоқ. Бәрі автоматты түрде іске асырылады.

Бұл қаржы шотқа автоматты түрде жылына 1 рет, ақпанның бірі күні түсіп тұрады. Бүгінгі есепке сәйкес, бала 18 жасқа толғанша оның шотында 3,5 мың долларға жуық ақша жиналуы керек. Дегенмен, бұл нақты цифра емес. Себебі ол Ұлттық қордың жыл сайынғы табысына тікелей байланысты болмақ. 

Альмира Оразбай, Диас Ковланбаев