Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президентін қабылдады
Ислам даму банкі елімізде су ресурстарын дамыту жобасын іске асырады.
Бүгін Бакудегі Дүниежүзілік климат саммиті аясында Мемлекет басшысы қаржы институтының президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассермен кездесіп, осы мәселелерді талқылады. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанның 7 облысында 8 су қоймасы мен жалпы ұзындығы 3450 шақырым болатын 115 каналды, 1 қарсы реттегішті салуға және жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің аграрлық саласында 332 мың гектардан астам алқапты сумен үздіксіз қамтамасыз етеді. Бүгін Президенттің қатысуымен Қазақстан Үкіметі мен Ислам даму банкі осы маңызды жобаны жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Құжаттың сомасы 1,153 миллиард долларға жетеді. Сондай-ақ 3,5 миллион доллар көлемінде грант беріледі. Бұл банктің 51 жылдық тарихындағы ең көлемді қаржыландыру жобасы болып отыр.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Жобаның іске асырылуы еліміздің су шаруашылығының инфрақұрылымын қайтадан жаңартып, қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар экономиканың дамуына өзінің оң әсерін тигізетін болады. Ислам даму банкінің талабы бойынша осы жобаны іске асыру үшін халықаралық тәжірибесі бар осы гидротехника саласындағы ең ірі үздік компаниялар тартылатын болады.