Қазақстанға мемлекеттік сапармен Корея Президенті келді

Қазақстанға мемлекеттік сапармен Оңтүстік Корея президенті келді.

Юн Сок Ёльді елорда әуежайында премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды. Айта кету керек, бұл Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға алғаш рет келуі. Юн Сок Ёль 2022 жылы саяси додада жеңіске жетіп, мемлекет басшысы атанған. Былтыр екі ел президенттері Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында жолығып, екіжақты келіссөз жүргізген болатын. Енді міне әріптестік аясын кеңейтіп, бірқатар бастаманы терең талқылау үшін Оңтүстік Корея Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Делегация құрамы да ауқымды. Президентпен 60-тан астам корей компаниясының өкілдері келген. Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасы үшін жетекші 5 инвестордың бірі екенін де атап өткен жөн. Бұл елден 10 млрд долларға жуық инвестиция тартылған. Қазір ел аумағында корей капиталы бар 700-ден астам компания жұмыс істейді.