Қазақстан мен Оңтүстік Корея басшылары 11 құжатқа қол қойды
Қазақстанда литий өндірісі жолға қойылады, деп хабарлайды 24kz.
Тұрмыстық техникалар шығарылады. Бүгін Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында осындай келісімдер жасалды. Корей тарапы Қызылордадағы Қорқыт ата университетінің базасында бірінші жасанды интеллект мектебін ашуды да жоспарлап отыр. Келіссөздер барысында тараптар маңызды деген 11 құжатқа қол қойды. Ал Қазақстанға алғаш рет келген Юн Сок Ёльдің сапарын қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи оқиға деп бағалады.
Риат Шони, тілші:
- Юн Сок Ёль осыдан екі жыл бұрын саяси додада жеңіске жетіп, Оңтүстік Кореяның 13-ші Президенті атанған. Былтыр ол қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының алаңында жолығып, екіжақты келіссөз жүргізген болатын. Енді міне, әріптестік аясын кеңейтіп, бірқатар бастамаларды терең талқылау үшін Оңтүстік Корея Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Қазақ жеріне алғаш рет келген мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатпен қарсы алды. Тараптар делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауыл ротасы сап түзеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Бұдан соң мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізуге бет алды. Талқылайтын мәселе көп. Энергетика, өнеркәсіп, экология, білім және басқа да салалар бойынша ынтымақтастық көкжиегін кеңейту маңызды.
Оңтүстік кореядан тартылған инвестиция
Жалпы инвестиция – $9,6 млрд
2023 жылы тартылған инвестиция – $1,2 млрд
Оңтүстік Корея еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. Осы күнге дейін бұл мемлекеттен 10 млрд долларға жуық қаржы тартылған. Ал былтыр корея тарапы елімізге 1,2 млрд доллар инвестиция құйған. Енді ынтымақтастықты нығайтып, жетістікті еселеу міндеті тұр. Бұған қазақ тарапы мүдделі екендігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әріптесімен шағын құрамда кездесу барысында айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан жылға нығайып келеді. Қазір Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып жатыр. Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Оны екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір деуге болады.
Айта кетейік, Корея басшысының бұл сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында жасалып отыр. Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты енді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге ниетті екенін растады.
Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президенті:
- Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Көптеген кореялық компания Қазақстан экономикасына инвестиция құйып, жұмыс орындарының ашылуына және өнеркәсіптің өркендеуіне ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, кореялық инвесторлар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, бу-газ электр станциясының құрылысы сияқты ірі жобаларға қатысып, Қазақстанның ұлттық инфрақұрылымын дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Біз аса маңызды шикізаттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Жалпы екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді.
Көкжиекті кеңейту мақсатында Кореяның Үкіметі Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – осы мемлекеттің Орталық Азияға қатысты алғашқы дипломатиялық стратегиясы болып отыр. Құжатта сан саладағы әріптестікті дамытып, инвестицияны арттыру жайы қарастырылған.
Нұрғали Арыстанов, Қазақстанның Корея Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Ол жерде бізге қатысты көптеген нәрселер жазылған. Road деген сөз бар. R – ресурсы. Ресурс бағытында энергетика, сирек кездесетін металдар бойынша инвестициялар құятын болады. О – деген оудиэй. Бұл яғни, Қазақстанға керек болған жағдайда ресми көмек беретін болады. А – accompany. Ілесіп жүру, добалардың барлығын бірлесіп, іске асыратын болады. D деген – drive. Мемлекеттер қарым-қатынастарының арасында тиісті тетіктерді қолдана отырып дамыту деген сөз.
Бүгінде Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Бұл жөнінде Президент кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізу барысында айтты. Жасыратыны жоқ, қазір әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің негізгі жаһандық мемлекет ретіндегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан да технологиясы мықты дамыған елмен әріптестікті дамытып, оны жаңа деңгейге көтеру Қазақстан үшін ұтымды болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің сапарыңыз арадағы достық қатынасты одан әрі берік нығайтуға зор мүмкіндік береді.
***
Сеул – Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орында. Екі ел парламентаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық деңгейде және басқа да түрлі салаларда ықпалдастық орнатқан. Іскерлік кеңес пен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істеп жатыр.
Корея Республикасы өзінің басты стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен бірге жарқын және кемел келешекке қатар қадам басуға ниетті. Бұны келіссөз барысында осы елдің көшбасшысы айтты.
Риат Шони, тілші:
- Корея Президенті Қазақстанға үлкен делегациямен келді. Оның құрамында 60-тан астам компанияның өкілдері бар. Осыдан-ақ тараптар экономиканың сан-саласындағы әріптестік аясын кеңейтуге мүдделі екенін ұғынуға болады.
Энергетика, өнеркәсіп, машина жасау, цифрландыру, білім беру және денсаулық сақтау. Корея тарапы осы сынды сан салаға инвестиция құйып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Мәселен, Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуды көздеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Президент Юн Сок Ёль мырзамен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Әсіресе, инфрақұрылым, өндіріс, қаржы, энергетика, экология, автомобиль мен аэроғарыш өнеркәсібі, IT, цифрландыру және басқа да салаларға басымдық беріп отырмыз. Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр станциясын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз. Сондай-ақ GL Ralpha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, банк секторында да өзгерістер болады. Бұл бағытта тараптар банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат аясында инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі реттелмек.
Тағы Президент еліміздегі корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымын екінші деңгейдегі банкке айналдыру туралы шешімді қолдайтындығын айтты. Бұдан өзге ғылым және білім саласында да ынтымақтастық аясы кеңей түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі таңда Кореяның жоғары оқу орындарында мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бұған кореялық әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Елдеріміз ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге келісті. Осыған орай Түркістанда Кореяның Усонг университетінің филиалын ашу мәселесі пысықталады.
Тағы қазақстандық зерттеушілер Кореяның ең мықты деген университеттері мен зертханаларында оқуға және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Ғылым мен жоғары білім саласындағы сүйінші жаңалық бұл ғана емес.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Сүйіншімен бөліскім келеді. Біріншісі, кеше мен өзімнің әріптесіммен KAIST университетімен меморандумға қол қойдық. Енді сол университеттің көмегімен Қазақстанда Кайст Қазақстанға мықты зерттеуші университет пайда болады.
Ең көне олардың технологиялық университеттері Қызылордада Қорқыт ата университетінің негізінде бірінші жасанды интеллект мектебі ашылады. Киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және компьютерлік инженерия үш бағдарламамен бастаймыз биыл. Студенттер кәріс және ағылшын тілінде оқиды.
Өнеркәсіп саласында да жаңашылдық бар. Кореяның KIGAM геологиялық зерттеулер институты қазір елде сирек металдарды іздеу бойынша барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Былтыр олар Шығыс Қазақстанда литийдің қоры бар екендігін анықтаған еді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Литий қазіргі таңда геологиялық барлау жүргізіліп жатыр. Осы жұмысты аяқтағаннан кейін литийді Қазақстанда өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұндай өндіріс Қазақстанда жоқ.
Жалпы бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар 11 маңызды құжатқа қол қойды. Кездесу соңында қазақ басшысы Юн Сок Ёльдің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады.
Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президенті:
- Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қарқынды дамып келе жатқан екі ел арасындағы ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқыладық. Сонымен қатар Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағдаластық. Бүгінгі сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келісімге қол жеткіздік.
Сонымен қатар бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев K-Silk Road тұжырымдамасын қолдайтындығын жеткізді. Айта кету керек, Корея мен Орталық Азия бестігінің алғашқы саммитті келесі жылы Сеулде өтеді. Бүгінгі келіссөз соңында Президент екі елдің халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелерге қатысты ұстанымы ұқсас екенін атап өтіп, әлемдегі геосаяси қайшылықтардың шешілуіне қос мемлекет орта державалар ретінде өз үлестерін қоса алатынын мәлімдеді.
Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев және Алмас Омарғалиев, ПТРК