Тоқаев еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымы туралы айтты
Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзінде Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы туралы айтты.
Сыртқы саясат мәселесіне келер болсақ, Қазақстан көпжақты ынтымақтастыққа бейіл. Сондай-ақ қазіргі халықаралық құқықтың негізі ретінде БҰҰ Жарғысының сақталуын табанды түрде жақтайды. Сыртқы саясатта біз ұлттық мүддені басты орынға қоямыз. Барлық даулы мәселені тиімді мәміле негізінде шешуді қолдаймыз. Биыл Қазақстанда халықаралық шаралар көп өтеді. Келесі аптада Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті болады. Мұны кейінгі бірнеше жыл ішіндегі жоғары деңгейде өтетін аса маңызды халықаралық форумдардың бірі десек, артық айтқандық емес. Саммитке дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысады. Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді. Еліміз биыл ШЫҰ-дан басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Бұл – қазақ дипломатиясының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік – деді ол.
Елімізде жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі едәуір өсті, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болды.
Бұл – өте маңызды. Қоғамдық пікір саяси өмірдің маңызды факторына айналды. Ал сөз бостандығы қоғамның мызғымас құндылығы саналады. Бүгінде Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады. Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз – деді Тоқаев.
Оның сөзіне қарағанда, көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр.
Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін – деді Президент.