Президент нағыз журналист қандай болу керегін айтты
Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзінде осылай деді.
Біз әр салада заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Ал кез келген құқықтық мемлекетте азаматтар мен институттардың барлығы заңдарды, ережелер мен нормаларды мүлтіксіз сақтауға тиіс. Қоғамдағы қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктер ұлттық заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешілуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Сонда ғана біз берекелі және әділетті қоғам құрамыз, – деді Тоқаев.
Сондықтан Заң мен тәртіп қағидатын баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін берік іргетас деп қараған жөн.
Біз, ең алдымен, жемқорлықты түбірімен жоюымыз керек. Мен осы мәселеге айрықша мән беремін. Біз қоғамда бұл кеселдің бар екенін жасырмаймыз. Ашық айтамыз деп, оның зардабын да тартып жатамыз. Тіпті кейде шетелдіктер де, өз азаматтарымыз да Қазақстанды жемқорлыққа белшесінен батқан ел деп ойлайды. Бұл шындыққа еш жанаспайды. Ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген адал азаматтар аз емес. Қайталап айтамын: жемқорлық – кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады, – деді Президент.
Көпшілігіңіз үшін журналистика – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауыңыз.
Нағыз журналистер әсіре әуестіктен, бос сөзден және әлеуметтік желіде өзіне-өзі масаттанудан ада болады. Олар әрдайым оқиғаның ортасында жүреді. Халықты алаңдататын өзекті мәселелерді көтеріп, мазмұнды материалдар әзірлейді. Дәл осындай белсенді әрі пайдалы іс атқаратын тілшілер қауымы отандық журналистиканың бет-бейнесі саналады. Олар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді – деді Мемлекет басшысы.
Қазір жаңа медиа дәуірі басталды. Бұқаралық ақпарат құралдары жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдаланып жатыр. Мұны шын мәнінде жаңашылдық пен жасампаздықтың көрінісі деуге болады. Әр адам өз ісінің шебері болуға тиіс.
Сонда елімізде нағыз кәсіби біліктілік культі қалыптасады. Мен мұның маңызы туралы үнемі айтып келемін. Біз ұстаз, дәрігер, ғалым және басқа да әлеуметтік сала мамандарының абыройын арттыру үшін нақты шаралар қабылдадық. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың мәртебесін көтердік. Осындай жан-жақты жұмыстар жалғаса береді. Себебі еңбек адамы – ел байлығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.