Мемлекет басшысы: Журналист – мәртебелі мамандық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды 24kz.
«Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», - деді Мемлекет басшысы. Сала майталмандарын марапаттап, 24kz телеарнасының ұжымының еңбегін ерекше бағалады. Бірнеше әріптесімізге «Құрмет» орденін табыстады.
Бұл – Қазақстан медиасының майталмандары. Көсемсөз шеберлері мерекеге орай Ақордадағы алқалы жиында бас қосты. Резиденциядағы ресми рәсімнің түпкі мән-маңызы тереңде жатыр. Мұнда білікті мамандарды мақтап-мадақтаумен шектелмей, баспасөздің бағыты мен бағдары сараланады. Себебі, басылым – бұқараның игілігіне жұмыс істеуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру.
Иә, елде ауқымды саяси реформа жүріп жатыр. Қоғамдық өзгеріс те аз емес. Бұған экономикадағы жаңашылдықтарды қосыңыз. Мұның бәрі тоғысқан тұста халыққа ақиқаттан құралған сапалы ақпарат керек. Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистік қызмет жайлы ой-толғамын жіпке тізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздер тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қостыңыздар. Шын мәнінде, барлық реформаны өздеріңізбен бірге атқардық деуге болады. Бірақ өзгерістерді жүзеге асыру бір басқа, ал оны орнықтыру бір бөлек. Ол үшін қоғамдық сана түбегейлі жаңғыруға тиіс.
Дамудың жаңа бедеріне аяқ бастық. Демек, бірінші кезекте қоғамдық санаға серпіліс керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қатерлі 5 кеселді айтып, осы жағымсыз әдеттерден ада болуға шақырды. Оның ішінде нашақорлық пен құмарпаздық, вандализм мен ысырапшылдық және тұрмыстағы зорлық-зомбылық бар. Қазір бұзақылыққа жаза күшейіп жатыр, бірақ баспасөз де бұқараның бағытын түзеуге атсалысқаны жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз әрбір сөзімізді қоғамды түзеуге жұмсасақ, болашағымыз да баянды болары хақ. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Осы жолда ақпарат өкілдерінің рөлі ерекше.
Бұқаралық ақпарат құралдары тұтас ұлтты тәрбиелейді. Қазақтың баспасы да, үнжариясы да, телеарнасы да тазалық, адалдық, әділдікке үндеуі керек. Бұған қоса, ұлттық болмысымызды айғақтаушы дүниелер жиі шықса деген тілек бар. Мемлекет басшысы бұл бастаманы Ұлттық домбыра күнінен бастауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол – біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс.
Келесі маңызды бағыт – экономика. Қалың қараша саладағы әр өзгерісті жіті түсініп, саралы сараптама алып отыруға тиіс. Шетелдік кәсіпкерлер елде ірі зауыттар ашуға ниет білдіріп отыр. Инфрақұрылым құрылысына да қатыса бастады. Игілігін жеті ұрпақ көретін инвестициялық жаңалық көп. «Қамкөңіл ағайынды осындай жағымды ақпаратпен сүйіншілетіп отырған дұрыс», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Жақсыны жақсы деп айту керек. Ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын.
Экономиканың қайнар көзі энергия екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда бұқара атом электр станциясын салуды талқылап жатыр. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдарының қосары көп. Президент референдумның биыл күзде өтетін хабарлады. Ал журналист қызметіндегі ең маңызды бағыт – саясат һәм сөз бостандығы. Мемлекет басшысы бұған да ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады. Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз.
Шын мәнінде мінсіз сынға тұсау жоқ. Ақпарат айдыны ашық, кез келген азамат өз пікірін еркін білдіріп жүр. Дегенмен, әлем жаңа медиа саласына үдере көшуде. Көп қақтығыс қарусыз өтіп жатыр. Сөз соғыстағы басты құралға айналды. Одан бөлек, жалған мәліметті әдейі таратып, ел ішіне ірікті салатындар да кездеседі. Бұл БАҚ-қа артылған міндеттің маңызын арттыра түсті. Ақпарат айдыны аумалы-төкпелі заманға тап болғанда, Қзақстан баспасөзі басымдығын көрсетуі қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бізге алдамшы жеңістер мен жетістіктерге әуестеніп кетудің қажеті жоқ. Өз-өзіңді алдауға, мадақтауға болмайды. Бұл – ыдырауға және құлдырауға әкеп соқтыратын төте жол. Сонымен қатар сөз бостандығына арқа сүйеп, елімізде ештеңе өзгермейді-мыс, ахуал мүшкіл деп жағдайды үнемі ушықтыра беру қажет емес. Бұл шындыққа сай келмейді. Кемшіліктер бар, бірақ жағдай тым мүшкіл емес. Мұндай ақпарат адамдарға көмектеспейді, керісінше, оларды күйзеліске ұшыратып, қоғамда апатия тудырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзі ұдайы оқып отыратын басылымдар жайлы да айтты. Республикалық, тіпті өңірлік газеттер де Президент назарынан түспейді екен. Демек, Мемлекет басшысы алыстағы ауыл-аудандағы ағайынның жайымен де жіті таныс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары, оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын.Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр.
Ресми рәсімнің соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сала майталмандарын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Үздіктер арасынан 24kz ұжымы да көрінді. Мәселен, арнамыздың бас продюсері Арман Балтабайұлы «Құрмет» орденімен наградталды. Одан бөлек, Президент мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіргені үшін шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.
Жасын Біркенов, 24KZ телеарнасының директоры:
- Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары бағасын берді, атап өтті. Жақсы жұмыс деп атап кетті. Әрине, дән ризамыз. Бұл төккен терге берілген тегін бақ емес. Өйткені 24kz арнасы тәулік бойы, аптасына 7 күн бойы жұмыс істейді. Тынбай еңбек етеді. Ұжымның 80%-і жастар, сондықтан мына марапаттың өзі жастарға үлкен мотивация болары хақ.
Сондай-ақ арна тілшісі Динара Жанбатыроваға Президенттің БАҚ саласындағы гранты табысталды. 12 жылдан бері қолынан қаламын тастамаған сөз шебері өзінің қуанышын жасырмады. Жеңімпаздар туралы жиі жазатын Жанбатырова енді сол тұғырдан өзі көрінді.
Динара Жанбатырова, 24KZ телеарнасының тілшісі:
- Әдетте жеңімпаздар менің сюжеттерімде кейіпкері болушы еді, ал бүгін өзім солардың орнында тұрмын. Қобалжып тұрмын. Әрине, мен үшін бұл бүкіл ұжымның еңбегін бағалау. Еселі еңбектің жемісі. Журналист, оператор, режиссер, инженер әркім атсалысып, соңында көрерменге сапалы өнім ұсынады. Бұл біздің ортақ жеңіс, әріптестерімді мерекемен құттықтаймын.
Бекзат Аманов, тілші:
- Динара әріптесім айтқандай, сіздердің алдарыңызда қас-қағым сәтте өте шығатын шағын ғана репортажды дайындауға қаншама адам атсалысады. 24kz арнасынан шыққан кез келген ақпарат тікелей эфирге дәл осы жерден жол тартады. Сіздер эфирден тілшіні ғана көргенмен, эфирдің ту сыртындағы осы кісілердің еңбегі ерен. Мұндағы қым-қуыт тірлік 24/7 үздіксіз жалғасады. Елдегі соңғы жаңалықтарды дереу бұқараға жеткізетін басты ақпараттық арнаның ерен еңбегі бүгін ерекше еленді.
Тек телеарналар ғана емес, облыстық басылымдардың да еңбегі өлшеусіз. Билік пен бұқара арасында алтын көпір болған газет редакторлары да Президенттің қошеметіне бөленді. Олар да мерекелік мезіретті жоғары бағалап, еселі еңбектің жемісті болғанына дән риза.
Қуат Шарабидинов, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы:
- Арқадағы Ақордағы келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеұлының қолынан марапат алып жэатқанымызға өте қуаныштымыз. Бұл кәсіби мереке қарсағында БАҚ өкілдеріне көрсетіліп жатқан үлкен құрмет. Биыл біздің газеттің 95 жылдығы. Осындай 95 жылдық қарсаңында Мемлекет басшысынан марапат алып, бұл бір жағынан газет абыройын да көтерді деп ойлаймыз.
Журналистер қауымына тағы бір жағымды жаңалық. Былтыр мереке қарсаңында тілшілерге пәтер кілті табысталған еді. Проезидент бұл үрдістің биыл да, алдағы уақытта да жалғасатын табатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі. Сондықтан журналистердің кәсіби тұрғыдан мықты болуы өте маңызды, бұл, тіпті, шешуші дүние.
Авторы: Бекзат Аманов