Астанада полиция күшейтілген режим жұмысына көшті

Қоғамдық тәртіпті қадағалау қарқын алды.

Елордалық полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Бұған алдағы күндері Астанада өтетін Шанхай ынтымастық ұйымының саммиті себеп. Қазір жасақ саны ұлғайтылып, бейнебақылау қатаңдатылды. Сонымен қатар елордаға кріберістерде «Рубеж» стационарлық бекеттері қойылды. Онда қала қонақтары мен тұрғындардың құжаттары және тыйым салынған заттардың бар-жоғы тексеріліп жатыр. Бұл жайлы Астана қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Олар саммит уақытында басты даңғылдарда көлік қозғалысы уақытша шектелетінін айтты. Сонымен бірге астаналықтарды қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданатын шараларға түсіністік танытуға үндейді. 

Эльдар Данияров, қалалық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Көшелерде және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды. Жасақтар саны ұлғайтылды, бейнебақылау камераларын пайдалану арқылы визуалды бақылау күшейтілді. Автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Делегациялардың арнайы колонналарының өту кезінде елорданың магистральды көшелеріндегі қозғалыс уақытша шектелетін болады.