Қ.Тоқаев: Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті
Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артты. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Си Цзиньпин Ақордадағы алқалы жиында осылай деді. Қытай Халық Республикасының төрағасы сыртқы саясатта бізге басымдық беретінін жеткізді, деп хабарлайды 24kz.
Көрші елмен арадағы байланыс бүгінде бекем.
Алыс-беріс алдағы уақытта еселене түспек. Бұған Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы ықпал етпек. Енді Транскаспий бағыты арқылы жүктер теміржолмен ғана емес, тасжолмен де жөнелтіледі. Бұл тасымал қуатын едәуір арттырады. Бүгін Қазақстан мен Қытай басшылары телекөпір арқылы кезекті керуенді Еуропаға жөнелту рәсіміне қатысты. Жаңа жобалардың әлеуеті қандай? Мемлекеттік сапарда қандай келісімдерге қол қойылды?
Бекзат Аманов, тілші:
- Апта басынан Астана көшелері қарбалас. Мәртебелі меймандарды күтіп алуға дайындалған елорданың жері де, көгі де күштік құрылымдардың бақылауында. Бүгін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ақордаға келді. Қонақты әуеден ұшақтар сүйемелдеп, сән-салтанатпен қарсы алды.
Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары тек іскерлік ғана емес, достық мәнімен де маңызды. Жиі кездесетін екі ел басшыларының берік байланысын бұл жолы да аңғару қиын болмады. Келелі келіссөздер әдеттегідей Ақорда резиденциясында өтті. Мұндағы әр рәсім бұрын бекітілген арнайы протокол арқылы өтетіні түсінікті. Дегенмен, ұсақ-түйекке назар аударсаңыз, жылы лебіз бен сыйластықты байқау қиын болмады. Бұл да келіссөздің нәтижелі болуына үлес қосқаны сөзсіз.
Иә, қонаққа құрмет ретінде Президент кортежді күтіп алуға өзі шықты. Кейін әуе қорғанысы күштері қызыл, сары жолақ із қалдырып, елорда аспанында Қытай туын бейнелеп ұшты. Мұндай пейілге шығыстағы көршілеріміз риза.
Әрі қарай мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Жарқын жүзді рәсім мамыражай күйде жалғасты. Қазақ басшысы қою қызыл түсті галстук таққан. Дипломатия тілінде бұл мызғымас сенімді білдіреді.
Келіссөз алдымен шағын құрамда өтті. Тараптап бір-біріне алғыс айтып, ілтипат білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайды тату көрші, маңызды стратегиялық серіктес әрі басты одақтас мемлекеттің бірі деп атады. Ынтымақтастықтың әрі қарай да дами беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Берік достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қостыңыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Екі елдің ынтымақтастығын халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтеру қажет деген бастамаңызды толық қолдаймын.
Ал, Си Цзиньпин қазақ жеріндегі құрметке алғысын білдіріп, Президентті «қымбатты досым» деп атады. Сондай-ақ Қытай Қазақстанмен қатынасты үзбейтінін әрі сенімді тірек болатынын айтты. Шын мәнінде бұл сөздің астарында терең мағына жатыр.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:
- Қытай көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін.
Одан әрі қос басшы кеңейтілген құрамдағы отырысқа ойысты. Бірлескен жобалар дәл осы жерде тыңғылықты талқынады. Қазірдің өзінде ортақ іс екі ел тұрғындарының тұрмысын түзеп, тынысын кеңейтуге септігін тигізіп жатыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Экспорт – 24,7 млрд доллар, ал импорт – 16,3 млрд доллар.
Тауар айналымы – $41 млрд
Экспорт – $24,7 млрд
Импорт – $16,3 млрд
Ал, ортақ инвестициялық жоба саны 45-ке жетті. Оның жалпы құны – 14,5 миллиард доллар. Негізінен өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығына басымдық беріледі.
Ортақ инвестициялық жоба – 45
Құны – $14,5 млрд
Негізгі бағыт – өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы.
Алдағы уақытта жаңа зауыттар салынады, өндіріс өркендейді. Іскерлік байланыстың бір парасы кеше талқыланған. Кәсіпкерлер 3,7 млрд доллар тұратын 40-тан астам құжатқа қол қойылды.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- «Самұрық-Қазына» «Сани» компаниясымен келісімге қол қойды. Бұл келісімге сәйкес, біз Жамбыл облысында жылдың аяғына дейін жел электр станциясы жабдықтарын зауытын ашатын боламыз. Келесі жылдың аяғына дейін іске қосатын боламыз.
Отырыста Президент Қытайдың бейбіт бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Әңгіме «Адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығын құру» бастамасы жайында. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев «Біртұтас Қытай» саясатына қатысты ұстаныма да өзгермейтінін айтты. Сондай-ақ терроризм, сепаратизм және экстремизм секілді «үш зұлым күшке» қарсы күрес жөніндегі ықпалдастықты қолдайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құрады. Си Цзиньпин осыған кәміл сенетінін жеткізіп, халықаралық жағдай қалай құбылса да, достықты сақтауға ұмтылыс осы қалпында сақталатынын айтты. Ал келіссөз нәтижесіне өтсек, Астанада Бейжің Тіл және мәдениет унверситеті филиалы мен «Лу Бань шеберханасы» ашылатын болды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Бұл өте маңызды оқиға. Неге десеңіз, қазір Қытай біздің ең үлкен көршіміз, сауда жағынан, экономика жағынан, ғылыми зерттеу жағынан, саяси жағынан. Ал Қытайды түсіне білетін мамандар өте аз, тапшылық. Ірі унивеститеттердің негізінде қытай тілі кафедраларын ашатын боламыз.
Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырды
Ұлы жібек жолы қайта жаңғырды. Бұл хабарды нық сеніммен сүйіншілете беруге болады. Қытай мен Еуропа арасындағы тасымалдың 80%-і Қазақстан арқылы өтеді. Әрі қарай бұл көрсеткіш еселеп өсе береді. Себебі, жаңа бағыттар ашылып жатыр. Тарихи сәтті қос басшы телекөпір арқылы тамашалады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Былтыр Қытайдан Еуропаға 700 контейнер тасымалдаған болсақ, осы Сиань қаласындағы порт іске қосылғанлы көрсеткіш 10 есе артып отыр. Бұл былай айтқанда, Ұлы Жібек жолының қайта қалпына келуі. Яғни, осыған дейін Транскаспийлік бағыт тек теміржол болса, бүгінгі күні автокөлікпен тасымалданып отыр.
Телекөпірде бұған қоса, Қазақстанның Бейжіңдегі және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарын салтанатты түрде ашылды. Барлығы 30-дан аса құжатқа қол қойылды. Содан соң ортақ жеңісті жариялау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин журналистер алдына шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халықтарымыз Ұлы Жібек жолы бастау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастырған. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ, ешқандай тосқауылдар құрған емес. Жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым өзара тығыз байланыста және шынайы достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала бермек. Мен бұған кәміл сенемін
Мемлекеттік сапар арқасында әр саладағы байланыс беки түсті. Мұнымен ешкім тоқтамайды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай түйткіл жоқ екеніне назар аударды. Енді ауқымды энергетикалық жобаларды жүзеге асыру қажет. Логистикадағы серпілістің тежелмегені де маңызды. Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22%-ке артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр.
Енді екі тарап ауыл шаруашылығындағы әріптестікке де тың серпін береді. Егіншілікте Smart жүйесін қолдану, су ресурстарын ұтымды пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудегі Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға мүдделіміз. Былтыр саладағы экспорт 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 27 өнім экспорттап жатырмыз, 18-і өсімдік, 9-ы мал шаруашылығы.
Президент келіссөз қорытындысын жоғары бағалады. Құрметті қонақ та бұл сөзге қосылып, Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын айтты. Еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:
- Қытай мен Қазақстан жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, өзара қолдау білдірудің игі дәстүрін бірлесе дамытады және еселей түседі. Сондай-ақ өзара саяси сенімді нығайтып, ұлттық даму стратегияларын ұштастыруға ықпал ететініне және бір-бірінің мүддесін қорғайтынына сенімдімін.
Қазақ пен қытай – тарихы тамырлас халық. Екі елдің байланысы ежелден берік. Ал, бүгін жаңа кезеңнің кірпіші қаланды. Жаңа дәуір жаңғырған Ұлы Жібек жолымен тұспа-тұс келуі де бекер емес.
Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, ПТРК, 24 КZ