ШЫҰ саммиті. Тоқаев қандай шешімдер қабылданатынын айтты
Сонымен көптен күткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр.
Бұған дейін Тәуелсіздік сарайында мәртебелі меймандарды мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Бұл да бір қонақжайлығымызды білдірсе керек. Әрі қарай қатысушылар жиналыс аймағына ойысты.
Қазақ басшысы алғы сөзінде құрметті қонақтарға жылы лебіз көрсетіп, бас қалада дидарласқанына қуанышты екенін жеткізді. Содан соң мүше мемлекеттер Беларусь елін қатарға қосу туралы келісімге қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Құрметті мемлекеттер басшылары, ардақты бас хатшы, әріптестер, қымбатты достар, сіздерді қазақ жерінде, еліміздің бас қаласы – Астанада көргеніме қуаныштымын! ШЫҰ-ның мемлекеттер басшыларының кеңесіне қош келдіңіздер. Біздің ұйымымыз халықаралық байланысты нығайтудың маңызды механизміне айналды десек болады. Елдеріміз арасындағы саяси-экономикалық ынтымақтастық тұтастай Еуразия құрлығының дамуы бағыттарын анықтайды. Шанхай рухын дамыту арқылы біз ұйымның жаһандағы беделі мен ықпалын арттырдық. Бірлестігіміздің бірегейлігі мен үлкен әлеуетінің арқасында оған деген қызығушылық артып келеді. Бүгінгі Астана саммитінде ұйымды дамытуға қатысты маңызды шешімдер қабылданады.