Тоқаев: Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау қажет

Тоқаев: Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау қажет

Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды.

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев: Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз, – деді.

Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты ұйым қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндеттер тұр. Бұл қадамдар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді.

Қазақстан ұйымға төраға ретінде бірқатар маңызды ұсыныстарын ортаға салған Президент айтылған барлық ұсыныс Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге ортақ игі мақсаттарға қол жеткізу үшін шынайы ниеттен туындағанын атап өтті.

Сондай-ақ қолдау білдіргендері үшін Ұйымға мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен шын жүректен құттықтап, Қытай тарапына табыс тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен үміт күтеміз. Осыған орай Ұйымның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын одан әрі арттыру үшін Ұйым тетіктерінің жұмысын жетілдіруге баса мән берілді. Қазір біз қол қоятын құжаттар Шанхай ынтымақтастық ұйымы тарихындағы тағы бір маңызды кезеңге жол ашатынына, сондай-ақ Ұйымның жүйелі әрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін.

Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келе, көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланғанын, Ұйымды одан әрі дамыту бағыты айқындалғанын атап өтті.