Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде барлық міндетті толығымен орындады

Ғимарат айнала ұшқан тікұшақ, қару асынған сарбаздар және әскери техника.

Елордалықтар үшін бұл апта әдеттен тыс, ерекше оқиғаларға толы болды. Себебі елге үлкен делегациямен 16 елдің басшысы келді. Сирек болатын мұндай басқосу бізді ғана емес, күллі жаһанды елеңдеткені анық. Мыңға жуық шетелдік БАҚ-тың Астанаға арнайы келгені бұның айқын дәлелі. Әлем Шанхай ондығынан көз алмай отыр.

Саммит дайындығы таңертеңнен қызу басталды. Ғимаратқа, алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, өзге елдегі әріптестерін қарсы алды. Ресми рәсімде кей қатысушы көңіл-күйін жасырмай, көрермендерге сәлемін жолдады.

Александр Лукашенконың көңілді келуі бекер емес екен. Президент бұл жиынның Беларусь тарихында қалатынын сезсе керек. Оның үстіне айтулы оқиға Қасым-Жомарт Тоқаевтың сүйемелдеуімен орындалды. Отырыстың алғы сөзін алған Президент ұйымға жаңа мүше қабылдау мәселесін дауысқа салды.

Максим Рыженков, Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Ұйымға мүше болуымызды рәсімдеу шарасы біздің өте жақын достарымыз - қазақстандық тараптың төрағалығы кезінде болып жатқанына қуаныштымыз. Осы ұйымға Беларусь энергиясының қуатын беру үшін барымызды саламыз. Әрине бізді қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту, көлік дәліздерін дамыту, сауда-экономикалық серіктестік мәселелері қызықтырады. Сол секілді, саяси-дипломатиялық қарым-қатынастарды айтуға болады.

Ондықты түгелдеген соң, мемлекет басшысы ұйымға төраға болған кездегі Қазақстан жұмысын қорытындылады. Біздің тарап өзіне алған міндетті түгелімен орындаған. Былтырдан бері 150-ге жуық іс-шара өткізіп, ұйымның шарттық базасын 60 жаңа құжатпен толықтырды. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. 10 туристік аумақ анықталып, тартымды жобалар іске қосылды.

Қазақстанның төрағалығы кезінде атқарылған жұмыстар

150-ге жуық іс-шара

60 жаңа құжат

Инвестиция жөніндегі арнайы жұмыс тобы

10 туристік аумақ

Іске қосылған тартымды жобалар 

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы ризашылығымды білдіремін.

Иә, Қазақстан төрағалығы ұйым керегесін кеңейткені анық. Алайда бұған тоқмейілсуге болмайды. Бірлестік әлеуетін толық пайдаланса талай қамал алынды. Әлем халқының 45 пайызы, жаһандық ЖІӨ 33 пайызы, сауда-саттықтың 15 пайызы дәл осы кеңістікте. Сандар сөзсіз серпілісті көрсетіп тұр. Демек, ұйым ісін ширататын уақыт жетті. Президент мұны жақсы түсінеді. Сол үшін біртіндеп стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – бұл

Әлем халқының 44 %-ы

Жаһан ЖІӨ-нің 33%-ы

Сауда-саттықтың 15%-ы

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту - бірінші маңызды бағыт. Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуге тиіс.

Қазір қауіпсіздік кез келген отырыстың басты тақырыбына айналған. Біздің аймақ та тек тұрақтылықпен дамиды. Президент әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келгенін айтты. Бұл ретте «Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі әрдайым жіті назарда болуға тиіс. Киберқауіпсіздік те маңызды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұлай болатыны айтпаса да түсінікті. Ордалы отырыс кезінде жырақта жатқан мемлекеттер келіссөзді күшейтіп, байланысын бекітеді. Ал биылғы саммит кезінде мұндай жүздесулер көбейе түспек. Себебі, соңғы уақытта ұйымның саяси ғана емес экономикалық рөлі артып келеді. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев екінші бағыт ретінде экономика саласын атады.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бәсеңдейді. Әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан, біздің ойымызша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері.

Былтыр Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі 6,5 пайызға өсті. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру керек. Сол үшін Президент бірлестік аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өзекті болып қала беретінін айтты. Экономиканы дамытудың тағы бір жолы - тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру. Тиісінше Президент ұсынған келесі бағыт та осы.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

– Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды.

Уақыт сырғып өтіп, заман жылдам өзгеруде. Бұдан бұрынғы ережелер ескіріп, тиімсіз болады. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев келесі бағытын ұйым реформаларына арнады. Жаңа мемлекеттердің қосылуы бұл істі жеделдетеді деді Президент.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз.

Президенттің бұл ұсыныстары жалпыға ортақ игі мақсатқа қол жеткізуге арналған. Оны Қасым-Жомарт Тоқаевтың әріптестері де жоғары бағалады. Әсіресе Иран мен Қытай басшысы жоғары бағалады. Ал мұндай жиындардың маңызы не? Сарапшылардың айтуынша, бұл тұрғындардың тұрмысына тікелей әсер етеді.

Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Жоғары мәртебелі меймандар келіп жатыр, іс шаралар өтіп жатыр. Бұл қарапайым халықтың тұрмысына қалай әсер етеді? Біз қауіпсіздік мәселесі кейде тұрмысымызға қатысы жоқ нәрсе сияқты қараймыз. Алайда былтыр бұл ұйымның өңірлік антитеррорлық құрылымы жүзден аса террорлық актілердің алдын алған. Киберқылмыс, халықаралық есірткі тасымалы, түрлі ақпараттық шабуылдың алдын алу бәрі маңызды стратегиялық мәселе деп ойлаймын. 

Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары 25 құжатқа қол қойды. Бұл бірлестік беделін арттыруға тиіс. Ал келесі жылғы төрағалық Қытайға өтеді.

Бекзат Аманов