Қ.Тоқаев ТМҰ-ның бейресми саммитінде қандай мәселелерді қозғады
Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті, деп хабарлайды 24kz.
Маңызды жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Самитте сан түрлі тақырып қозғалды. Бауырлас елдің басшылары өзара сауда-саттықты арттыру, климаттық өзгерістерге төтеп беру тақырыбында өз ұсысыстарын ортаға салды.
Жалпы ұйымның беделі мен маңызы жылдан жылға артып келеді. Айталық, ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі 1,5 трлн долларды құрап отыр. Ал өзара сауда айналымы 42,3 млрд долларға жеткен. Жиында Қазақстан Президенті бірлестікті дамытудың тиімді жолдарын ұсынды. Тіпті бауырлас елдердің тасымалдаушылары үшін Ақтау және Құрық портатының тарифтерін 15-20%-ке төмендетуге дайын екенімізді мәлемдеді. Сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Түркі орталық банктерінің кеңесін құруды ұсынды. Самитте айтылған осы және өзге де маңызды мәселелер жайында тілшіміз Қуандық Танабас тарқатады.
Қуандық Танабас, тілші:
- Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысуға келген қазақ басшысы әуелі Әзербайжан Президентінің Шуша ауданындағы арнаулы өкілдігінің ғимаратына ат басын тіреді. Шуша – әзербайжан мәдениеті мен әдебиетінің талбесігі, талай дарындарды тудырған киелі жер. Мұнда Қазақстан Президентін Ильхам Әлиевтің өзі қарсы алды. Ал сәлден кейін бауырлас түркі елдері басшыларының басын қосқан алқалы жиын басталды. Бейресми саммит «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» тақырыбында өтті. Жиында Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде түркі ықпалдастығын тереңдетіп, оның қызметін одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз. Бұл ретте «TURKTIME!» ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Бұған дейін 40-қа жуық іс-шара өткіздік. Елдеріміз арасындағы байланыстың жаңа тетіктері пайда болды. Бұл – әлеуметтік саясат, құқық қорғау, білім, технология, инновация және өнеркәсіп сияқты салалар. Сондай-ақ Астанада қыркүйек айында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын.
Еліміз – достық пен татулықты, сындарлы диалогты ту еткен ел және сыртқы саясаттағы басты ұстанымдары да осымен үндес. «Сондықтан бірлестік ішіндегі бірлікті бекемдеуді, қандай да бір қайшылықтарды қақтығыссыз, келісімдер арқылы шешуді көздейміз», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің күш-қуатымыз – бірлікте. Жалпы кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол – сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында «Медиацияға» ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз.
Түркі елдерінің қайсыбірін алсақ та жері кең, қазба байлығы мол мемлекеттер. Географиялық әлеуетімізді тиімді пайдаланып, сауда және тасымал көлемін арттырсақ, табысқа кенелуге болады. Бұл ретте еліміз Каспий порттарының мүмкіндіктерін толық пайдалануды ұсынып отыр. Қазақстан бауырлас елдердің тасымалдаушылары үшін Ақтау және Құрық портатының тарифтерін 15-20%-ке төмендетуге дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Түркі ұйымы елдерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттермен сауда және тасымал көлемін арттыру қажет. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Бүгінде аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі күрт артты. Көрсеткіш өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен. Біз тасымалдың уақытын азайту үшін «Digital Trade Corridor» мультимодалды цифрлық платформасын құрдық. Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталды. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65%-ке көбейді.
Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан жүзеге асырып жатқан ғасырлық мегажоба бар. Қос елдің бірлескен кәсіпорындары Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық магистраль салып жатыр. Жобаның түпкі мақсаты – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінде интернет сапасын арттыру. Бұл түркі елдері арасындағы айтулы коммуникациялық жоба.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық кабель тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба елдеріміз арасындағы байланыстың сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіміне жағдай жасайды. Жасанды интеллект және спутник жүйесі сияқты озық технологияның әлеуеті де зор. Біз жасанды интеллект саласы кадрларын даярлау мәселесіне баса мән береміз. Осы ретте арнайы мектептер желісін құруды көздеп отырмыз. Ол әлемдегі озық компаниялардың платформасына негізделетін болады. Біз Орталық Азияда IT-стартаптармен айналысатын «Astana Hub» технопаркін құрдық. Баршаңызды осы хабтың әлеуетін пайдалануға шақырамын.
Президент елдеріміз үшін төл өркениетіміз бен ана тілімізді сақтау мәселесі айрықша маңызды екенін атап өтіп, жасанды интеллектінің көмегімен «Үлкен тілдік түркі моделін» әзірлеуді ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, климаттық өзгерістерді бақылаудың да мәні зор. Қазақстан 2026 жылы Біріккен ұлттар ұйымы аясында Өңірлік климат саммитін өткізеді. Сондықтан еліміз климаттың өзгеруіне қатысты міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сарапшылар әлемдегі орташа температура 1,5 Цельсий градустан көтерілуі мүмкін дейді. Оның ықтималдығы 80%-тен асты. Яғни, климатқа қатысты күрделі ахуал қалыптасып отыр. Жер шарының әр түкпірінде болып жатқан аптап ыстық, орман өрті, қуаңшылық пен су тасқыны – осының айқын дәлелі. Біз түркі әлемімен бірлесіп, климат мәселесі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге дайынбыз. Осы ретте биыл Әзербайжанда өтетін СОР29 Климат конференциясының жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отырмыз.
Арал проблемасы – адамзат мәселесі. Экологиялық өзгеріске ұшыраған аймаққа мойын бұрмау апатқа душар ететіне куә болдық. Және бұдан сабақ алатын уақыт келді. Каспий Аралдың тағдырын құшпас үшін бірлескен күш-жігер қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, басқосудың маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенін, бауырластық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты. Саммит қорытындысы бойынша Қарабақ декларациясы қабылданды. Жиын соңында Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығын нығайту туралы мемлекеттер басшыларының шешіміне қол қойылды.