Қ.Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасына жасаған жұмыс сапарында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. 

Келелі кеңесте сөз алған ол, ең алдымен, саммиттің «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетініне тоқталды. Сонымен бірге, аталған басқосу түркі елдерінің игілігін көздейтініне, дамудың тың бағыттарын айқындайтынына және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететініне назар аударды. Айта кетейік, ұйымға Қазақстан төрағалық етеді. Жетекшілік жылында 40-қа жуық іс-шара өткізді. Сондай-ақ Астанада қыркүйек айында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Жиында президент, Бұл түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын, деді. 

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

– Біздің күш-қуатымыз бірлікте. Жалпы кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында «Медиацияға» ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз.