Дербес деректерді қорғау күшейтілді

Жыл басынан бері елде азаматтардың дербес деректері сақталған компанияларға жоспардан тыс 11 тексеріс жүргізіліп, 22 бұзушылық анықталған.

Нәтижесінде 4 жеке және 25 заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Дербес деректер бөгденің қолына өтіп кетсе де жұртшылық оған аса бір мән бере бермейді, дейді сарапшылар. Салдарынан алаяқтарға алданып қалып, сан соғып қалып жатады.

Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның киберқауіпсіздік жөніндегі жаһандық рейтінгінде 31-орынға дейін көтерілгенімен, азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты түйткілдер әлі де бар. Себебі интернеттегі алаяқтар айылын жияр емес. Мәселен, жыл басынан бері Қостанайда 702 адам онлайн алаяқтықтың құрбаны болған. Алданып қалған тобылдықтар ақыры жарты жылда 1 млрд 300 мың теңге көлеміндегі қаржылыранын қағылған.  Сондай-ақ биыл елдегі екі ірі компанияда осы дербес деректердің қорғалуына қатысты бірқатар олқылықтар анықталған болатын. Қазір мемлекет азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау тәртібін күшейтіп, операторларға тиісті міндеттемелерді артты.

Ырысты Жәлелханова, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы:

- Дербес деректер заңсыз таралған ұйым қандай деректер таралды, кімнің деректері таралды әрбір азамат бойынша мәліметті бізге береді. Біз ол бойынша сәйкесінше әрбір азаматтың электрондық үкімет порталында жеке кабинетіне хабарлама жібереміз. Ол не үшін жасалады? Әрбір азамат егер де оның заңсыз таралғанын білсе онда ол келесі заңсыз таралудың алдын ала алады. Яғни әрбір ол түрлі алаяқтық әрекеттерден сақ болады.

Дербес деректер бөгде біреудің қолына өтіп кеткенде азамат міндетті түрде кибергигиенаны сақтауы керек – дейді, мамандар. Бірақ бұл тәртіпті барлығы бірдей ұстана бермейді. Оған мына бір сандар дәлел. Биыл елде жыл басынан бері интернет алаяқтықтың 10 мыңға жуық дерегі тіркелген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 4%-ға көп. Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, көбіне халық онлайн сауда жасау кезінде сан соғып қалады. Алаяқтықтың кең тараған тағы бір түрі - бұл фишинг. Яғни банк карталары мен өзге де деректерге пысықайлардың қол жеткізуі. Жыл басынан бері бұндай 2,5 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Негізі кибер алаяқтық дерегі Астана мен Алматы қалаларында көп кездеседі.

Интернет алаяқтық

2024 жыл 6 ай

9 936 - дерек

4,1% 

2 619 онлайн сауда

2 614 фишинг

Астана - 2 204

Алматы - 1 048 

Абылай Исин, Киберқауіпсіздік саласындағы сарапшы:

- Бізде кибергигиена дегенді көбі біле бермейді. Яғни өздерінің дербес деректеріне немқұрайлы қарайды. Құпия сөзді біреу біліп қалса да оған аса мән бере қоймайды. Ал көбіне адамдардың барлық аккаунттарында, банк карталарындағы құпия сөздер бірдей болып келеді. Сондықтан туған жылды немесе өзінің аты-жөнін емес, бір өлеңнің мәтіні сынды аса қиын құпия сөзді таңдау керек. Сонымен қатар ішкі істер органдарына міндетті түрде арыз жазу қажет. Себебі біздің дербес деректеріміз – ол қазіргі заманның мұнайы. 

Айта кету керек, халықтың киберқауіпсіздік бағытындағы сауаттылығын арттыру үшін цирлық даму министрлігі жеке компаниямен бірлесіп арнайы портал да әзірлеген. Онда дербес деректерді қорғау, фишингтік алаяқтықтан сақтану сынды тегін курстар бар. Ал үлкен компаниялар болса өздерінің киберқауіпсіздігін ақ хакерлерді жалдап тексерту мүмкіндігіне ие. Айта кету керек, осы дербес деректерді қорғау туралы заңнамасын бұзған үшін әкімішлік және де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жалпы жыл басынан бері министрлік жоспардан тыс 11 тексеріс жүргізіп, 22 әкімшілік құқықбұзушылық анықтаған екен. Нәтижесінде 4 жеке және 25 заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.

Риат Шони, Қали Несіпбаев

Дербес деректерді қорғау бойынша тексеріс

2024 жыл қаңтар-маусым

11 жоспардан тыс тексеріс

22 әкімшілік іс қозғалды

4 жеке және 25 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды

₸4 910  360 айыппұл салынды