Қазақстан спортшылары Олимпиаданың ашылу рәсіміне қатысты
Париж Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан құрамасы да қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Көк туды бокстан ұлттық команда капитаны Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова ұстап шықты. Париж Олимпиадасына жолдама алған 79 спортшының барлығы шеруде төбе көрсеткен жоқ. Себебі кейбір жеке сайыстар жарыс кестесі бойынша кейін басталады. Сондықтан Франция астанасына бірер күннен кейін барады. Бүгінге дейін Парижге тек академиялық ескек есу, садақ ату, бокс, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тасжолдағы велоспорт және стенд ату спортынан өнер көрсететін 50 спортшы жетіп үлгерді. Франция астанасындағы кешенді сында ел намысын 79 спортшы қорғайды. Жерлестеріміз 25 спорт түрінде жүлдеге таласады. Жалпы жаһанның 206 елінен жиналған 10 500 спортшы 329 медальдер жиынтығын сарапқа салады. Ойындар бағдарламасында 32 спорт түрі бар.