Спортшыларды халық ыстық ықылас, зор қуанышпен қарсы алды
Қазақ дзюдо тарихында жаңа белесті бағындырып, Париж Олимпиадасында алтын медаль иеленген Елдос Сметов елге оралды, деп хабарлайды 24kz.
Таңсәріден Алматы халықаралық әуежайына жиналған жанкүйерлер дзюдошылар мінген ұшақтың қонуын асыға күтті.
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаев бар спортшыларымызды халық ыстық ықылас, зор қуанышпен қарсы алды.
Әуежайдың халықаралық рейстер терминалы адамға лық толды. Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен қоланы қолдан бермеген Ғұсман Қырғызбаевты ел тағатсыздана күтті. Туыстарының қуанышында шек жоқ.
Чемпион Сметовты қаумалаған ел. Ет жақындары мен достары құттықтап, құшақтап, алғыс айтып жатты. Тараздан Елдостың ата-анасы да келді. Анасы Елдос татамиге шыққан сайын қобалжитынын айтты.
Тоқтагүл Сметова, Е.Сметовтің анасы:
- Іштей сенім болды. Жүрегімнің түбінде, жүрегімді жарып кететіндей қуанышты сездім. Содан балама сәттілік тіледім. Алла қаласа, қуаныш бар. Ана жүрегі алдамайды ғой деп. «Балам: мама, еш уайымдамаңыздар. Сіздердің қолдауларыңызбен мен алтын алып келемін», деп айтты.
Ал, 66 келі салмақ дәрежесінде қола медальді жеңіп алған Ғұсманды халық аяқ-қолын жерге тигізбей, қошаметтеп, су жаңа темір тұлпарға бірақ мінгізді. Бұл Қазақстан дзюдо федерациясы атынан берілген сый.
Ғұмар Қырғызбаев, Ғұсманның ағасы:
- Сыңарымның жоспары енді Олимпиадада финалға шығып, ар жағында Абэмен күресіп қалу керек еді. Карьерасы соңғы жылдары күресіп жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Өйткені бұл Олимпиада – төрт жылда бір болатын әрбір спортсменнің биік шыңы.
Нұрбол Сүлейменов, дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері:
- Енді осы алтын ары қарай жалғаса берсін. Тоқтамасын. Артынан келе жатқан буындар еңбек етсін Елдос, Ғұсман сияқты. Ағаларымыз сияқты чемпион боламыз деген мотивациямен жұмыс істей берсін ары қарай.
Жалпы Париж Олимпиадасында Дзюдодан ұлттық құрама нәтижелі өнер көрсетті. Спортшылар бір ай тынығып алған соң қараша айында өтетін ел біріншілігіне дайындалады.
Авторлары: А.Садуақас, Р.Жақыпов