Қазақстан мен Өзбекстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Ақордада Қазақстан мен Өзбекстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке шынайы ризашылығын білдірді. Туысқан өзбек халқының басшысын қазақ елінде қарсы алу үлкен мәртебе деген Президент Өзбекстанның маңызды әрі сенімді серіктес ретіндегі роліне жоғары баға берді.
Отырыста алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасы бекітіледі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын дамытуға айырықша серпін беретініне сенім білдірді. «Екі жақты ықпалдастықты дамыту үшін бүгінгі кеңестің отырысы өте маңызды. Қабылданатын шешімдердің де стратегиялық мәні бар», - деді Президент. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының тарихи мәнге ие екенін айтты.
Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырды. Президенттер қазақ-өзбек қатынастары барлық бағыт бойынша өркендеп келе жатқанын атап өтті.