Қ.Тоқаев Түрікменстан Президентімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға саммит жұмысына қатысқаны үшін алғыс айтты. Бұл сапардың екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті. Қазір тараптар өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізуге мүдделі. Сердар Бердімұхамедов те қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол елінің Қазақстанмен ынтымақтастыққа баса мән беретінін жеткізді. Сөз соңында қазақ басшысын Түрікменстанға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Экономикалық ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары. Үкіметтер өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұған елдеріміздің барлық мүмкіндігі бар. Энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы бірқатар жобалар жүзеге асыру сатысында тұр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға да қолайлы жағдай жасалған.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:
- Елдеріміз арасында белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар жандануда. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз биыл күзде Түрікменстанға ресми сапармен келесіз деп күтемін. Сондай-ақ Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына арналған халықаралық форумға қатысуға шақырамын.