Президент Qarmet металлургиялық комбинатының жұмысымен танысты

Президенттің Қарағанды облысындағы жұмыс сапары Qarmet металлургиялық комбинатынан басталды, деп хабарлайды 24kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев №3 домна пешінің жұмысымен танысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі. Жалпы кәсіпорындағы өндірісті дамыту үшін 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Жоспарда қосымша инвестициялар да бар. Оған қоса, кәсіпорын ғимараттарды толық жөндеп жатыр. Биылғы жаңғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Мемлекет басшысына өзге де өндіріс машиналары таныстырылды. Кәсіпорын басшылығы мекеменің техникалық жағдайын бабында ұстап тұру, жөндеу жүйесін, сондай-ақ кристалдандырғыш айналым жүйелері мен барлық машина сегменттерін жетілдіру басты міндет екенін атап өтті.