Қ.Тоқаев: Qarmet комбинатындағы жағдай айтарлықтай жақсарған

фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Президенттің Қарағанды облысындағы жұмыс сапары Qarmet металлургиялық комбинатынан басталды, деп хабарлайды 24kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев №3 домна пешінің жұмысымен танысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі. Жалпы кәсіпорындағы өндірісті дамыту үшін 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Жоспарда қосымша инвестициялар да бар. Оған қоса, кәсіпорын ғимараттарды толық жөндеп жатыр. Биылғы жаңғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Мемлекет басшысына өзге де өндіріс машиналары таныстырылды. Кәсіпорын басшылығы мекеменің техникалық жағдайын бабында ұстап тұру, жөндеу жүйесін, сондай-ақ кристалдандырғыш айналым жүйелері мен барлық машина сегменттерін жетілдіру басты міндет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын.

Андрей Лаврентьевтың айтуынша, кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30%-ке төмендетуге мүмкіндік береді. Оған қоса, биыл күзде Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісі қалпына келтіріледі. Президент өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартудың жоғары сапасын қатаң сақтау қажет екеніне баса назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.