Президент Үкімет мүшелерімен еліміздің экономикалық жағдайын талқылады

фото: akorda.kz

Келер жылы ел экономикасы 5,6% деңгейінде өсім көрсетеді, ал инфляция 5,5-7,5%-ке дейін төмендейді. Үкімет осындай болжам жасап отыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жайында министрлер кабинеті Президентпен өткен кеңес барысында мәлімдеді. Елдегі экономикалық жағдайды талқылауға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық банк төрағасы, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы, Үкімет мүшелері және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, республикалық бюджеттің биылғы 7 айдағы орындалуы және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасындағы макроэкономикалық параметрлер жөнінде баяндалды. Президент Үкіметке көлеңкелі экономикамен күрес шараларын күшейтуді, бюджеттік шығындарды реттеудің нақты механизмін енгізуді, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау сапасын арттыруды міндеттеді.