Гранттан қағылған талапкерлерге арнайы телефон желісі ашылды

Мемлекеттік гранттан құр қалған талапкерлер арнайы байланыс орталығынан қосымша кеңес ала алады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі осындай желіні іске қосты. Биыл ҰБТ-дан 100 баллдан жоғары жинағандардың кейбірі оқуға түсе алмаған болатын. Оған себеп те әртүрлі.

Талапкерлерге арналған колл-центр: 8 (7172) 69-50-69, 69-52-92, 69-50-71

Назерке журналист болуды армандайды. Осы мақсатта қосымша курстарға барып, тестке дайындалды. Түркістандық талапкер негізгі ҰБТ мен жоғары оқу орнының шығармашылық емтиханын қоса алғанда 119 балл жинапты. Алайда мұның өзі мемлекеттік грантты иеленуге аздық еткен.

Назерке Қалжігіт, талапкер:

- Төтенше аймаққа бізден бөлек грант ойнатылуы тиіс болатын. Бұл әр баланың еңбегі. Ол ақталуы тиіс. Келесі жылы да талапкерлер өте көп. Сондықтан ең маңыздысы журналистика, менеджмент, ағылшын, дүние жүзі тарихы сияқты мамандықтарға көп грант бөлінгенін қалаймын.

Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге мемлекет тарапынан 5 мыңнан астам білім гранты бағытталды. Әрине, мұндай аймақ жастарын қолдау маңызды болды. Алайда жауапты министрлік шешім қабылдарда барлығын біржақты ғана қарастырған, дейді Мәжіліс депутаты.

Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Грант ала алмай қалған балалар министрлікке сотқа өтініш білдіргісі кеп жатыр. Менің ойымда, олардың толық құқығы бар. Алайда бұл жерде сот процесі жүретін болса, ол ертең ұзаққа созылып кетеді. Осы мәселелерді талқылап, қандай да бір шешім табуға тырысамыз. Төтенше жағдайға тап болған облыстардың балаларына грантты барлық балалардың грантының мөлшерінен бөлу үлкен қателік. 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бүкіл талапкерді мемлекеттік грантпен қамту мүмкін емес.  Тек еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілген.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Әлі күнге дейін үміткерлер ең мықты жоғары оқу орындарын таңдайды және ең үлкен талас болатын, аз грант бөлінетін мамандықтарды таңдайды. Енді, өкінішке орай, бұл конкурс. Ол нәрсені түсінуіміз керек. "Конкурстың" мағынасы "бәсеке" деген сөз. Сондықтан мұқият жоспарлап, таңдауларыңызды дұрыс жасасаңыздар дұрыс болады. 

Талапкерді толғандырған сауал көп. Министрлік арнайы байланыс орталығын іске қосып, оларға жауап беріп жатыр. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Арнайы құрылған байланыс орталығына қазір хабарласып, мамандардан кеңес сұрап көремін. Желі бос емес.

- Алло?!

- Сәлеметсіз бе?! Байланыс орталығы ма екен?

 - Сәлеметсіз бе?! Ұлттық тестілеу орталығы.

- Мен грантқа ілікпегендерге қосымша мүмкіндіктер жайлы ақпарат алайын деген едім.

- 25 тамыздан кейін отказ берген гранттар болады. Тізім бойынша келесі балаларға беріледі.

- Оқу ақысына жеңілдік алуға бола ма? Қандай мүмкіндік бар?

- ЖОО-ның қабылдау комиссиясына барғаннан кейін сол жерден арнайы қызметкерлері бар. Солар кеңес береді.

- Желіге қоңырау шалушылар көп пе?

- Көптеп түсіп жатыр, иә. Тыным жоқ телефонға.

- Жақсы, рахмет! 

Министрліктің мәліметіне сәйкес, биыл алғаш рет талапкерлерге оқу ақысы үшін пайызсыз несие беріледі. Пилоттық жобаға әзірге Қаржы орталығы ғана оператор болады. Кейін екінші деңгейлі банктерді тарту жоспарланған. 

Еркебұлан Смадияров, Өрден Жарқын, Руслан Әлиев