Президенттің Тәжікстанға сапары екі елдің байланысына тың серпін береді

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапары басталды.

Тәжікстан лидері Эмомали Рахмонов президент резиденциясының алдында салтанатты қарсы алу шарасын өткізіп, Қазақ басшысы мен делегациясына үлкен құрмет көрсетті. 

Берік Дүйсенбай, тілші:

- 2015 жылы халықаралық Зиәсл.Нет порталы сәулет пен стиль ерекшегілігі тұрғысынан әлемдегі ең үздік президент сарайларының рейтингін жариялады. Вашингтондағы Ақ Үй жеңімпаз деп танылса, екінші үздік сарай осы. Бұл Душанбедегі Қасри Милләт, яғни Ұлт сарайы. Тәжік президенті Эмомали Рахмонның резиденциясы. Қазақ елінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу шарасы аса жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын мұндағы сән-салтанаттың өзі айғақтап тұр. 

Эмомали Рахмон мен Қасым-Жомарт Тоқаев мінген лимузин Қасри Милләт сарайының алдына келіп тоқтады. Салтанатты күзет қарауыл тік тұрып құрмет көрсеткен соң екі елдің әнұрандары ойнады. Гимн орындалып жатқанда зеңбіректерден 21 рет оқ атылды. Бұл айрықша ілтипаттың белгісі. 

Мұнан соң дипломатия дәстүріне сай Мемлекет басшылары екі елдің Үкімет делегацияларымен амандасып, хал сұрасты. Резиденцияның алдынан күзет қарауылының шеруі өтіп, президенттер мен делагаттарда оларға өз ілтипатын білдірді.  

Салтанатты қабылдау рәсімінен соң президенттер Ақ залға өтіп, шағын құрамда екіжақты кездесу өткізді. 

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Елімізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымыз. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін беретініне сенімдімін. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастығымыз қарқынды дамып келеді. Сізбен екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективасын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға әзірмін. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ең алдымен ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз алға қарай жылжуымыз керек. Бұл сапар – ынтымақтастығымызды дамытуға тың серпін беруді көздейді. 

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстан экономикасын дамытуға тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың келешегі қарастырылды.

Электронды үкімет саласындағы ынтымақтастық әсіресе Тәжік елі үшін өзекті. Президенттерге биыл екі ел Интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы мен SmartBridge жүйелері Тәжікстан серверлерінде сәтті орналастырғаны жөнінде баяндалды. Қазір Тәжікстанның мемлекеттік органдарына арналған сайттарды әзірлеу жұмыстары қолға алынып, IT-шешімдерді интеграциялау ісі егжей-тегжейлі пысықталып жатыр. 

Айдос Жұмағұлов, "Freedom Bank" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі:

- Біздің ІТ специалистарымыз келіп осы жақта осы Е ГОВ платформаны енгізіп, тиімді жұмыс жасауы үшін. Екінші финтех компаниялар қазақстандықтар және тәжіктер сол ІТ хабқа келіп біздің нарыққа шыға алады. Біздің финтехкомпаниялар Тәжікстан нарығына шыға алады. 

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы диполматиялық қатынас 1993 жылы қаңтардан басталды. 2015 жылы қыркүйекте стратегиялық серіктестік туралы келісімге, ал былтыр мамыр айында одақтастық өзара іс-қимыл туралы  декларацияға қол қойылды. Тәжік сарапшылары екі ел арасындағы алыс-беріс бірінші кезекте бауырластық рухта дамып келе жатқанын атап өтуде. 

Әбдіғани Мамадазимов, Тәжік ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің доценті:

- Тәжікстанда азаматтық соғыс болған кезде Қазақстанның арқасында ғана азық-түлік қауіпсіздігін сақтай алдық. Гуманитарлық көмек, астық, тамақ өнімдері үздіксіз келіп жатты. Қазақ бауырлардың Тәжікстанды аштан қалдырмаймыз деген сөзін біздегі ауылдардың барлығы әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Елімізде бейбітшілік орнағалы бері саяси және экономикалық реформаларды Қазақстан тәжірбиесіне қарап іске асырып келеміз. Қазір цифрландыруға бет бұрдық. Тағы сіздердің тәжірбиелеріңізбен көмектеріңіздің арқасында. 

Сайфулла Сафаров, Тәжікстан Саясаттанушылары ұлттық қауымдастығының төрағасы:

- Бізде минералдар өте көп. Қазақстандық инвесторлар осы жақта оны игеріп, өндіріп жатыр. Жалпы біздің елде қазақ компаниялары өте көп, бір қызығы олар өздерін көп жарнамаламайды, бірақ өте жемісті жұмыс істеп жатқандарын білеміз.

Екі ел арасындағы алыс беріске келсек. Сыртқы істер министрлігі келтірген ресми сандар былай. 

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналым жыл басынан бергі 5 айда 465 млн долларға жуықтаса, былтырғы жылы 1 млрд доллардан асқан. Былтыр бізден 860 млн долларға экспорт жасалды. Ол негізінен бидай, табиғи газ, алюминий оксидтері мен гидроксидтері, бидай ұны, арпа, макарон өнімдері және цианид. Тәжік елінен 2023 жылы 271 млн долларға импорт жасалды. Ол мыс, қорғасын және цинк рудалары мен концентраттары, кептірілген жемістер, көкөніс түрлері.

Аңдасақ, алыс-берістің негізгі үлесі ауыл шаруашылығы бағытында. Біздің салалық ведомство басшысы қалыпты динамика барын атап өтті.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Былтырғы жылы 504 млн товарооборот болған. Биыл жарты жылды алатын болсақ товарооборот 246 млн доллар болды. 12 пайызға асты. Ішінде экспортты бөлек алатын болсақ, экспорт 22 пайызға өсті. Бұл жерде дәнді дақылдар, азық дақылдары, майлы дақылдарды осы жаққа экспортқа жіберіп жатырмыз. Оның ішінде бөлек алатын болсақ тірі малды жіберіп жатырмыз. Жарты жылдың ішінде 1635 бас мал жібердік.

Қазақстан президентінің бұл жолғы мемлекеттік сапары екі елдің стратегиялық байланыстарына тың серпін беретіні анық. Бүгінгі жиында қос елдің басшылары Одақтастық қарым қатынас туралы маңызды құжатқа қол қойды. Қазақ президентінің сапарын тәжік тарапы тарихи деп бағалады. Бұдан түйгеніміз - Памир тауының баурайында пейілі кең, ықыласы ыстық, құшағы әрдайым ашық, бауырлас һәм одақтас ел бар екеніне тағы да көз жеткіздік. 

Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев, Бақытбек Нұртай