Қ.Тоқаев: Спорт саласында кешенді реформа жасайтын уақыт келді
Шетелдік спортшыларға ел азаматтығын беруді доғару керек. Бұл жас атлеттеріміздің жолын кеседі. Оның үстіне Қазақстанға бір сәттік, алдамшы жетістіктер керек емес. Олимпиада жүлдегерлерін Ақордаға жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, сала басшыларын сын тезіне салды.
Жемқорлық һәм қаражаттың аста-төк бөлінуін қатаң айыптады. Спорттық медицинаның кенже қалғанын ескертіп, инфрақұрылымды дамытудың орнына ақша игерумен айналысып жүрген функционерлерді сынады. Демек, саланы ауқымды реформа күтіп тұр. Президент нақты қандай өзгерістерді талап етті?
Бекзат Аманов, тілші:
- Париж Олимпиадасы. Төрткүл дүние төрт жыл күткен байрақты бәсекенің аяқталғанына айға жуықтады. Чемпиондар жеңісін тойлады, сүрінгендер олқылығын ойлады. Сөйтіп бүгін Ақордада жиналды. Президент сөз басында Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік.
Елдостың жеңісі Президентке ерекше әсер қалдырғаны анық. Тіпті сүйінші жаңалықты ести сала жеке қоңырау шалып, құттықтаған еді. Бұл Олимп шыңына шыққан спортшы үшін де үлкен мәртебе болғаны анық.
Елдос Сметов, Олимпиада чемпионы:
- Адам өзінің жақын адамына жүрекжарды тілегін айтады ғой. Қуанып, сенің жетістігіңе шынайы ықыласпен қуанатын жақының болады ғой. Сол сияқты қуанышпен звондап тұрғанын сезіндім. Президенттің «Нағыз азаматсың, жігіт екенсің, қазақтың атын шығардың, жастарға үлгі болдың» деп қуанышпен айтылып жатқаны сөздері телефонның ар жағында болса да сезіліп тұрды. Мен үшін мақтан тұтатын нәрсе.
Қ.Тоқаев: "Кешенді реформа жасайтын уақыт келді"
Қасым-Жомарт Тоқаев байрақты бәсекеден жүлдемен оралған өзге спортшыларға да ризашылығын білдіріп, олардың айналасындағы мамандарға алғысын жаудырды. Кейін сөзін саладағы іркілістермен жалғады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді.
Иә, қалың қарашаның талабы да осы. Түпкілікті реформа. Өзгеріс қашан болады деп сарыла күтіп отыр. Себебі миллиардтаған қаржы бөлінетін спорт лайықты нәтиже көрсетер емес. Президент, ең алдымен, әділ бәсекелестік құруды тапсырды. Жемқорлықпен күресіп, протекционизм сынды кедергілерден аулақ болуға шақырды. Ең бастысы, қоғамның қызу талқысында жүрген легионер мәселесінің нүктесін қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек. Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн.
Бапкер демекші, таеквондодан Тунис елінің ұлттық құрамасын жетектеген қазақ жаттықтырушы Есбол Сұлтанов естеріңізде болар?! Елінен қажетті қолдау таппаған маман шетелден чемпион шығарды. Бұл жағдайдан сабақ алу керек. Мемлекет басшысы да оны мысалға алып, мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет деді.
Ғалымжан Жылгелдиев, Е.Сметовтің бапкері:
- Шымшық сойса да, қасапшы сойсын дейді ғой. Сондықтан әр саланың өз маманы болу керек. Сол мамандар жұмыс істесе екен. Көңіл бөлу керек бапкерге, қандай спортшыны дайындады, қалай дайындады. Материалдық жағынан да бапкерлерге лайықты бөлініп жатса.
Келесі міндет – атлеттердің денсаулығы мен жан саулығы. Тәнмен ғана емес, ой-санамен де жұмыс істеу керегін тәжірибе көрсетті. Қалың жұртты да осы мәселе толғандыратыны жасырын емес. «Жас спортшыларға дәстүрлі құндылықтарды сіңіру өте маңызды», - деді Президент. Спортшы тек спортпен шұғылдануы керек. Ал оған федерациялар бар қолайлы жағдайды жасауға міндетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Спортшыларды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге федерациялар тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей жатқанына жиі шағым түседі. Бүкіл әлем спорт медицинасы кәсіби даярлықтың ажырамас бөлігі екенін мойындап отыр. Бұл – жоғары технологиялық сала. Мемлекет қажет ресурсты бөліп отыр. Демеушілерден де қыруар қаржы түседі. Федерациялар соны мақсатқа сай жұмсауға тиіс. Республикалық федерациялардың қызметіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырамын.
Қазақ спортындағы ауызбіршіліктің жоқтығы да нәтижеге әсер етеді. Президент анық айтты. Министрлік те, комитет те, тіпті өңірдегі басқарма мен федерациялар да өз сойылын соғып жүр. Бір мүддеге бас қоса алмай келеді. Содан олқылық та көп. Қысқасы, аққу, шортан һәм шаянның күйін кешкен функционерлердің еркін көсілуі осымен тәмам.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!
Кей әкімдер сүйікті спортын соңынан сүйреп жүреді. Өңір басқарса, тек соған көңіл бөледі. Президент мұндай әрекетті сынға алып, Үкіметке жағдайды бақылауға алуын тапсырды. Атқамінерлер өзінің хоббиіндегі емес, халықтың көкейіндегі спортты дамытуға міндетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс.
Балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру маңызды. Аймақтарда 20 мыңнан астам спорт алаңы жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешен мен зал бар. Сала басшыларына осы нысандардың түгел қызмет етуі әрі қолжетімді болуы жүктелді. Сондай-ақ олимпиада резервін дайындайтын орталықтарды қолдауға қатысты ойын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай оқу орындары барлық аймақта болуы қажет. Алматыда жаңа Олимпиадалық даярлық базасы салынды. Бұл біздің спортшыларымыздың жоғары деңгейде жаттығуына зор мүмкіндік береді. Қазір Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Оқу орны спорттық білім берумен шектелмейді. Онда заманауи зерттеу орталығы ашылады. Осының бәрі елімізде чемпиондардың жаңа буынын дайындап шығаруға жол ашатынына сенімдімін.
Сөз соңында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріліп жатқанына назар аударылды. Президент V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары арқылы төл өркениетіміздің тамыры терең тарихын жер-жаһанға паш етеміз деді. Сондай-ақ дүбірлі дода түрлі елдердің достығын нығайтатын маңызды қадам болмақ. Достық демекші, түркі халықтарының бұл бағыттағы бауырластығы үзілген емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Спортшылар да, жанкүйерлер де көрші елдердің әрбір жеңісіне шын жүректен қуанды. Бір-біріне қолдау білдіріп, қажет болса көмектерін де аяған жоқ. Тіпті балуандарымыз жеңіс тұғырына туған бауырлар сияқты бірге көтерілді. Көшпенділер ойындары бауырлас елдердің осындай мызғымас бірлігін бекемдей түспек. Сондықтан оны жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек.
Олимпиада жүлдегерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды
Бұдан кейін Президент Олимпиада жүлдегерлері мен олардың бапкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ақорда төріне сирек шығатын спортшылардың бірі Президентті бауырына басса, енді бірі тарихи сәттің таспасында ерекшеленгісі келгендей әсер қалдырды.
Ал бұл – сын сағатта жігерлік көрсеткен қайсар спортшылардың салтанатты рәсімнен кейінгі көңіл-күйі. Бәрі мәз-мейрам. Қуанышын жасырмай, жылы лебізге алғысын аямады.
Демеу Жадыраев, Олимпиаданың күміс жүлдегері:
- Көңіл-күй керемет өте, айтып жеткізу қиын. Керемет қарсы алды, көптен қуаныштымын. Керемет сыйлықтарын жасап, қошеметтерін жасап.
Назым Қызайбай, Олимпиаданың қола жүлдегері:
- Көңіл күй өте керемет. Президентіміз қабылдап, осылай Құрмет орденімен марапаттап отыр. Біз үшін үлкен мәртебе, өте қуаныштымын.
Ал сала басшыларының, керісінше, қабағы қатулы. Министр Маржықпаев та, Олимпиада комитетін басқарып отырған Головкин де пікір білдіруден қаймықты. Тек жұмыс күшейеді, тапсырма орындаладымен шектелді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев