Мемлекеттік аудит. 39 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз жұмсалған
Жоғары аудиторлық палата Назарбаев Университеті мен «ҚазМұнайГаз» компаниясына тексеріс жүргізеді.
Оған қоса мамандардың назарына сот жүйесі, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыстағы жекелеген бағыттар ілігіп отыр. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді. Кездесуде, алдымен, II тоқсанның жұмыс қорытындысы айтылды. Аудиторлар теміржолға баса назар аудара отырып, көлік саласын тексерген. Сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарының бюджеттері мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі бақылауға алынды. Нәтижесінде 3 трлн теңгеге жуық қаржыны құраған 73 нысанда 39 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғанын анықтады. Әлихан Смайылов олқылықтың орнын толтыруға ұсыныстарын айтты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Әлихан Смайылов, жоғары аудиторлық палата төрағасы