Қ.Тоқаев KIA автомобиль зауытына барды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары аясында Қостанай облысындағы KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорын конвейерден алғашқы көлікті сынақ режимінде келесі жылдың шілде айында шығаруды жоспарлап отыр. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento моделін жасайды. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған Sportage моделі құрастырылады.
Сондай-ақ Президентке KIA зауыты жылына 70 мыңға жуық автокөлік шығара алатыны жөнінде мәлімет берілді. Кәсіпорында жаңадан 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мұнда өндірістің тиімділігін арттыруға әрі экологиялық тұрғыдан зиянсыз етуге бағытталған технологиялық шешімдер қолданылады. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу және құрастыру жұмыстарына 70 робот пайдаланылады. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды, оның 80%-ке жуығы тікелей шетелдік инвестицияның үлесінде.