Қ.Тоқаев: Біз уақыт талабына сай технологияны меңгерген ұлтқа айналуымыз қажет

фото: akorda.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды 24kz.

Астықты өлкенің индустриалды аймағында шойыннан ауыр жүк көліктеріне қажетті автобөлшектер құятын зауытты іске қосты.

Жобаға 78 млрд теңге инвестиция тартылған. Зауыт жылына 45 мың тонна шойын балқытады.Сапар аясында Президент құрылысы жүріп жатқан КІА көліктерін шығаратын зауыт пен бірқатар әлеуметтік нысанды да аралап көрді.

Мемлекет басшысы алдымен KamLitKZ жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын балқыту зауытына барды. Президент жаңа өндірілген цилиндрлар блогына қолтаңба қалдырып, жоба қатысушыларына Қазақстанның машина жасау кластерін дамытуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты. Жылына 45 мың тонна шойынды балқытып, қалыпқа құятын зауытта  әзірге қозғалтқыштың блок цилиндрлерін шығарады.

Досжан Ысқақ, тілші:

- Бұл зауыттың жұмысы толық автоматтандырылған. Ауыр жүк көліктерінің қозғалтқыштарын құюға қажетті қалыптарды көтеру және оның ішіне шойын құю жұмыстарының барлығына роботтар жауапты. Дайын болған өнім ТМД және Еуропа мемлекеттеріне экспортталады.

Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру және энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға тигізер зияны аз. Қазіргі уақытта мұнда 30 робот бар.

Мұқағали Төлегенов, «Камлит» зауыты жабдықтарға қызмет көрсету бойынша шебер:

- Бұнда роботтар адамның күші жетпейтін ауыр жұмыстарды жасайды. Автоматтандырылған Kuka роботтарымен жұмыс жасаймыз. Бұның тиімділігі жылдамдығында және 12-24 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс жасай алады. Бұл роботтар Германия мемлекетінде жаслады.

Өндіріс орны негізінен қазақстандық шикізатты кәдеге жаратады. Құны 78 миллиард теңгеден асатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны ашылды.

Дмитрий Гуртовой, «Камлит» зауытының директоры:

- Қасымызда тағы бір ғимаратта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, аяқталуға жақын. Келер жылы іске қосамыз. Онда жүк көліктерінің жүріс бөлігіне арналған редукторлар құйылады. Жылына 74000 редуктор құямыз. Біздің өнімдерді әртүрлі жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникаларына пайдалануға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы KIA автокөліктерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына да барды. Келесі жылы іске қосылатын кәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento моделін шығаруды жоспарлап отыр. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған Sportage моделі құрастырылады.

Досжан Ысқақ, тілші:

- АҚШ-тың Мичиган штатындағы шағын ғана Детройтты жаһан жұрты «моторлар қаласы» деп атайды. Себебі XX ғасырдың басында көлік шығаратын алпауыт «Дженерал моторс», «Форд» «Крайслер» қатарлы компаниялар осы Детройтта зауыттар салып, шаһарда әлемдегі ең үлкен автомобиль шығару кластері қалыптасты. Қостанайды да дәл сондай «Қазақстанның детройды» деуге болады. Еліміздегі машина жасау орталығы осы қала десек қателеспейміз. Қазақстанда құрастырылатын өліктердің 70%-і Қостанайдан шығады. Мына біз тұрған КІА зауыты да келесі жылы қолданысқа беріледі. Бұл жерде жылына 70 мың көлік құрастырылып, 1500 адам жұмыс істейді деген жоспар бар.

Зауыт құрылысына Қостанайдың индустриалды аймағынан 70 гектар жер бөлінген. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу және құрастыру жұмыстарына 70 робот пайдаланылады. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды, оның 80%-ке жуығы тікелей шетелдік инвестицияның үлесінде. Тағы бір айта кетерлігі, КІА компаниясы мұндай жобаны алғаш рет Оңтүстік Кореядан тыс жерде қаржыландырып отыр.

Ким Де ки, «KIA Qazaqstan» ЖШС бас директоры:

- КИА компаниясының шет елдерде 6 зауыты бар. Ал ТМД елдері аумағында мұндай зауыт болмаған. Сондықтан осы аймақты қамту үшін Қазақстанда зауыт салу шешімі қабылданды. Компания өзі инвестиция құйып отыр. Биыл қазан айынан бастап алғаш көлік шығарылады.

Қостанай – бидай мен дәнді дақылдар егіп-баптауға таптырмас, топырағы құнарлы мекен. Бір сөзбен айтқанда, «астықтың астанасы». Мемлекет басшысы егіс алқабына да барып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Биыл өңір диқандары 5 миллион гектар алқапқа егін еккен. Алдағы үш жылда аймақта мал және құс шаруашылығын дамыту мақсатында 14 тауарлы сүт фермасына инвестиция тартылмақ. Мал шаруашылығына арналған 44 кешен және екі ірі құс фабрикасы салынады деген жоспар бар.

Манат Карбозов, шаруа қожалығының басшысы:

- Біздің шаруашылығымыз ет бағытында жұмыс жасайды. Әулиекөл, ангус тұқымдарымен айналысады. Мемлекеттік қолдау аясында мал басын соңғы 3 жылда 3 есеге арттырдық. Өзіміздің кәсіпорынды дамыту мақсатында жастарға қолдау білдіріп, жұмыс беріетін өзіміздің ұсыныстарымыз бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет тарапынан қолдау көрсетеміз. Биыл егін бітік, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты біраз қиындықтар бар. Бәріміз бір халық, болып барлық қиындықтарды еңсереміз.

Бірақ тәуекелге бел буып егінді егіп, күзде оруды ғана ойлауға болмайды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу және өнімді терең өңдеу маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ауыл шаруашылығында жаңа технологияның рөлі орасан. Міне, тыңайтқыштар беруді енді енді қолға алып едік, нәтижесі көрініп тұр. Бұнымен тұрақты түрде айнадлысу керек. Ал мемлекеттің міндеті қолдау көрсету. Қажетті қаражатпен қамтамасыз ету.

Қостанайда өнеркәсібі енді ғана өркендеген қала емес. Сонау 1970-80 жылдары қалада ондаған зауыт болған. Кейін тоқырау жылдары талайы банкрот болды. Сол нысандардың бірінің орнын «АгромашХолдинг» басып, 2021 жылы жаңа зауыт іске қосылды. Президент осы зауыттың Локализация орталығын да аралап көрді. Бүгінде мұнда 700 адам еңбек етеді. Зауыт жылына 250 мыңға жуық бөлшек өндіреді. Жыл басынан бері 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарған.

Динара Шүкіжанова, «Agromash» зауытының президенті:

- Біз осыған дейін тек құрастыру жұмыстарымен айналысып келдік. Қазір ұсақ бөлшектер жасауға көшті. Шикізат, яғни, темірді сатып алып, өзіміздегеі дәнекерлеу құрылғылары арқылы техникаға қажетті бөлшектерді жасаймыз. Өзімізде қажетті құрылғылар, бояу камерасы барлығы бар.

Локализация орталығы CLAAS тракторлары мен комбайндарының бірқатар қосалқы бөлшегін дайындауға тапсырыс алған. Бұған қоса, зауытта дән себу және бүрку қондырғыларының өндірісі де іске қосылмақ.

Әлібек Құсайынов, Agromash зауытының вице-президенті:

- Қостанайда ашылып жатқан КИА зауыты да бізбен келісімшарт дайындап жатыр. Сондай ақ басқа компаниялармен де жұмыс істейміз, «Allur авто», «Технопарк», KamLitKZ компаниялары.

Зауыт ашылғалы бері қызмет етіп келе жатқан Жандос Қабдіраш комбайн мен тракторға қажетті саймандарды жонып, арнайы станоктарда жасап шығарады.  Жас маман зауыттағы жұмысының жайлы екенін айтады Қызметкерлердің орташа жалақысы 332 мың теңге.

Жандос Қабдіраш, токарь:

- №59 көлледжді бітіріп, әскерден кейін осы «Агромаш» зауытына жұмысқа орналастым. Мен 2021 жылдан бері жұмыс істеймін 4 жыл болды жұмыс істеп жатқаныма. Втулка, палец, әртүрлі бөлшектерді өңдейміз.

Кез келген қала үшін халықты әлеуметтік және спорттық нысандармен қамтудың да маңызы зор. Мемлекет басшысы Қостанайдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін де аралап көрді. Мұнда жергілікті тұрғындар спорттың шағын футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі сияқты түрлерімен емін-еркін айналыса алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сендердің қабілеттерің жоғары. Дайындалыңдар. Сендерге сәттілік тілеймін.

Бұған қоса, Президент IQostanay smart балаларға арналған смарт орталығына да барды. Қазіргі уақытта мұнда екі мыңға жуық оқушы қосымша білім алады. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін 24 үйірме жұмыс істеп тұр.

Қостанай облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отыр. Бірақ бай ауылшаруашылық тарихымен қатар қала қазір машина жасау саласын да дамытуға ден қойған. Бүгінде 5 мыңға жуық қостанайлық сол салада қызмет етеді. Ал тұрақты жұмыс орындары өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсара түсетініне кепіл болса керек.

Авторлары: Досжан Ысқақ, Азамат Саметов, ПТРК