Президент бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында 7 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.
Осылайша қазақ жеріндегі өзінің дипломатиялық миссиясына Испания, Эстония, Өзбекстан, Судан, Руанда, Доминикан және Маврикий елшілері ресми түрде кірісті. Дипломаттармен кездесу барысында Президент Қазақстан сыртқы саясатында бейбітшілікті жақтайды, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанады және халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық екендігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан сыртқы саясатында бейбітшілікті жақтайды, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанады және халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық кеңістіктегі орнын ешқандай құрылым алмастыра алмайтынына нық сенімдіміз. Бұл бірегей ұйымды әрқашан қолдаймыз. Осы орайда сіздердің елдеріңізбен екіжақты қарым-қатынасты, сондай-ақ көпжақты деңгейдегі байланыстарды дамытуға ниеттіміз. Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Біз экономикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ұмтылып отырмыз. Әрине, бұл оңай емес. Оның табысты болуы көп жағдайда халықаралық ықпалдастыққа, соның ішінде сіздердің елдеріңізбен арадағы ынтымақтастықты дамытуға байланысты.