V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті
Байрақты бәсекеге 85 елден спорт саңлақтары қатысып, өзара мықытына анықтады, деп хабарлайды 24kz.
Төрткүл тарап көз тікккен сайыс тартысқа толы өтті.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Тереңнен тін тартқан түркі халықтарының төл мәдениеті мен тарихына төрткүл тарап таңданыспен қарайды. Біздегі бағзыдан жалғасқан ата кәсіп, салт-дәстүр, сенім мен наным, тағысы тағы бар, әлем халықтарының қызығушылығын тудырып отыр. Мұны Астанада өткен көшпенділер ойындарынан анық байқауға болады. Дүниежүзілік доданың дүбірі естілгелі елордаға келген шетелдіктердің қарасы қалың.
Қазақ даласында дүбірлі доданың басталғанына бүгін алтыншы күн. 85 елден келген 5 мыңнан аса қатысушы 21 спорт түрінен бақ сынады. Сен тұр мен атайын дейтін кіл мықтылар тартысқан сайыста қара қылды қақ жарған төрешілік төрелік етуі заңдылық. Байрақты бәсекеде бұл жауапкершілік 370 адамға жүктелді.
Тастанбек Есентаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас төрешісі:
- Бұл жерде осыған дейінгі өткен көшпенділер ойындарынан ерекшелігі – біз төрешілерге әрбір федерация әлгі спорт түрінен өздері оларға семинар өткізді. Бірақ осы жарыстың кезінде тәжірибесін тексеріп, осы жерде ең жақсы, жоғары дәрежедегі төреші деген сертификатты біз беріп отырамыз. Бұл жерде этноспорттың президентінің қолы, жанағы федерацияның қолы, бас төрешінің қолы.
Ұйымдастыру алқасы, көшпенділер ойындарын көруге 100 мыңнан аса турист келеді деген еді. Айтқаны айнымай келіп, қонақтар Астанаға ағыла аяқ басты. Мұндайда қазақтың қонақжайлығын көрсету маңызды. Осы мақсатта 1300 ерікті жас қызмет етті.
Ибрахим Уәли, волонтер:
- Менің жұмысым осы басқа елден келген азаматтарға мәдениетімізді, тарихымызды барлығын ақпаратпен бөлісіп отырамын және де мен сияқты волонтерлер 1300 адам. Біздің тарихымызға өте қатты қызығады. Біздің тарихымызға өте қатты қызығады, біздің ұлттық спорттарымызға қатты қызығады. Біздің көкпар, аударыспақ дейтін спорттардан мәліметтерді бөлісіп отырамыз.
Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды жаһан жұртының жадында жаңғырту үшін елорда іргесінен этноауыл бой көтерді. Онда күніне 100-ден аса мәдени іс-шара өткізілді. Әр облыстың киіз үйлері тігіліп, тыныс-тіршілігі таныстырылды. Өңірлерден келген өнерпаздар думанның көркін қыздырды.
Зәлипа Төлепова, Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының актрисасы:
- Әні-міне дегенше V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының соңына да келіп қалыппыз. Осы келгелі қазақтың салт-дәстүрін, әдет ғұрпын, мына біздің қараша үйіміздегі сандығымызды, ескі абзал дүниелеріміздің бәріне сырттан келген шетел халықтары тамсанып, таңдануда. Қазақ қай уақытта да көңілі кең халықпыз ғой, құшақ жая қарсы алып жатырмыз шетелдіктерді. Ұлттық ойындар ойналып, жарыстар жүріп жатыр.
Төрткүл тарап көз тіккен байрақты бәсекенің тартысты тұстарынан жалт еткен жаңалықты қалт жібермей, жаһан жұртына жедел әлі бүкпесіз баяндау маңызды. Осы мақсатта 64 елдің 1185 медиа маманы елге келді. Қатысушылардың тілеуін тілеген жанкүйерлердің де қарасы қалың.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мадияр Қындыбаев