Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновті қабылдады
Қазіргі таңда елде дәнді және бұршақты дақылдар алқабының 70,2 пайызы жиналып, 17,2 миллион тонна астық бастырылды.
Биыл шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 3 есе ұлғайып, 580 миллиард теңгеге жетті. Диқандар арзан жанар-жағармаймен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді. Бұл жөнінде Президент қабылдауында болған Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты. Премьер-министрдің сөзінше, қаңтар-тамыз айлары аралығында экономиканың өсімі 3,7 пайызды көрсетті. Тағы Мемлекет басшысына барлық өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндалды. Қазір тұрғын үйлердің әзірлігі бойынша жұмыс аяқталуға шақ қалды. Электр станцияларына жыл сайын 60 миллион тонна көмір қажет. Қазір оның қажетті қоры бар. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа су тасқыны салдарын жою жөніндегі бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы мен келесі жылы су тасқыны жағдайының алдын алу шаралары туралы айтылды. Зардап шеккендердің барлығына әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бүлінген дүние-мүлкі үшін өтемақы төленді. Баспанасынан айырылғандарға 5767 тұрғын үй сатып алынды және 2576 жаңа үй салынды.