Бектенов Ақтау, Құрық теңіз порттарын дамыту жоспарымен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды 24kz.

Үкімет басшысы алдымен Ақтау және Құрық су айлағында болып, порттардың әлеуетін күшейту жобаларын пысықтады. Жері, Каспиймен шектескен өңірде туризм саласын дамыту жоспарын қарады. Ал тәуліктің екінші бөлігінде Ақтаудағы су тұщыту зауыты, МАЭК кәсіпорны мен «ҚазАзот» мекемесінің қуатын арттыру жұмыстарымен танысты.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Үкімет басшысының Маңғыстауға жұмыс сапары Құрық портынан басталды. Су айлағы биыл 1,5 тоннадан астам әртүрлі жүктерді ауыстырып өткізді. Жыл соңына дейін 2,2 млн тоннаға жеткізу күн тәртібінде тұр. Тағы бір айтарлығы, осы жылы теңіз түбін тереңдету аяқталған соң астық терминалы іске қосылады. Жалпы порт жылына 6 млн тоннаға дейін жүк өткізуге қауқарлы.

Айтқали Нұрмағамбетов, «Құрық порты» ЖШС маркетинг бөлімінің бастығы:

- 4 айлақтың екеуі жылына 4 млн тоннаға дейін теміржол, қалғаны 2 млн тоннаға дейін автокөлік паромдарын қабылдай алады. Каспийдің деңгейі төмендеуіне орай қазір теңіз түбі тереңдетіліп жатыр. Айлаққа кіретін арна тазартылды. Астық терминалын іске қосу жұмыстары кестеге сай жалғасуда. Жаңа терминал жылына 1 млн тонна астық өткізіп, бір мезетте 25 мың тоннаға дейін астық сақтай алады.

Премьер-министр бұдан соң Ақтау теңіз сауда портына барып, контейнерлік хаб салу жоспарымен танысты. Жобаға Қытайдың «Ляньюньган порты» компаниялар тобы инвестор ретінде қатысуда. Президент биыл маусым айында өткен кеңесте Маңғыстауда туризмді дамыту жөнінде бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Биыл аймаққа 215 мың турист демалуға келсе, салада көрсетілген қызмет көлемі 6,5 млрд теңгеге жеткен. 4 ірі инвестжоба жүзеге асты. Келешек Кендірлі курорт аймағында жылына 300 мың адам қабылдай алатын туристік қала салынады.

Мекен Үйсенов, Кендірлі ауылының әкімі:

- Қазір инженерлік инфрақұрылымын жүргізуді бастап жатырмыз. Жобалап жатырмыз. Сонымен қоса, ол жерде аэропорт құрылысын салу сияқты үлкен жобаларымыз бар. Кендірлі теңіз жағалауының ерекшелігі бұл жерде суға түсу науқанының Ақтау қаласымен салыстырғанда ұзақтығы және оның орналасқан жерінің ерекшелігі туристерді қызықтырады.

Үкімет басшысы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына барып, жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Кәсіпорын жабдықтарының тозуы 76%-ті құрайды. Өткен жылы МАЭК-те жөндеу жүргізуге Үкімет резервінен 4,9 млрд, биыл республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Жоспар бойынша осы айда екі қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеу аяқталады.

Айта кету керек, энергетикалық кәсіпорын жылдам нейтронды реактор қондырғысын еш ақаусыз 25 жыл қолданып, өңір халқын тоқ, жылу және ауыз сумен толық қамтамасыз етті.

Ардахан Сағынбаева, БН-350 Реактор қондырғысын пайдаланудан шығару бөлімінің инженер-технологы:

- Экологияға да тигізетін пайдасы өте мол. Себебі көмірмен, газбен жанатын станцияларға қарағанда ауаға мүлдем лас шығарындылар шығарылмайды.

Дмитрий Евстратов, БН-350 Реактор қондырғысын техникалық қолдау бөлімінің бастығы:

- Франция мемлекеті электр қуатының 70%-ін атом электр станцияларынан өндіреді. Бұл ретте Қазақстанда осындай технологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі мол энергия көзі болуы қажет деп санаймын.

Анатолий Жданов, БН-350 Реактор қондырғысын пайдаланудан шығару бөлімінің бастығы:

- АЭС жобасын жаңа технологиялар ел игілігіне беріледі деп қабылдаймын. Сала маманы ретінде Қазақстанда әлемдік талаптарға сай келетін энергетикалық нысан салынуын құптаймын.

Игорь Чернецкий, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Атом электр станциясын салу бүгінгі күннің басты тақырыбына айналды. Кәсіпорын ұжымы бұл жобаны қолдайды. Бұл салада біздің мамандарымыз мол тәжірибе жинақтады.

Маңғыстауға жұмыс сапары кезінде Үкімет басшысы «ҚазАзот» мекемесінде болды. Кәсіпорын Қазақстандағы аммиак пен аммиак селитрасының жалғыз өндірушісі болып табылады. Келешек мұнда ауыл шаруашылығы және тау-кен өндірісіне химиялық заттар өндіретін аммиак-карбамид кешенін салу жоспарда. Сондай-ақ Олжас Бектенов «Каспий» тұщыту зауытын жаңғырту жұмыстарымен танысты. Зауыт қуаты биыл екі есеге, яғни 40 мың текше метрге өседі. Қазір құрылыс-монтажының 95%-і аяқталды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев