ДСҰ Қазақстанның сауда саясатына қатысты бірінші шолуын жариялады
Дүниежүзілік сауда ұйымының Женевадағы штаб-пәтерінде Қазақстанның Ұйымға мүше болған 9 жыл ішіндегі сауда саясатына алғашқы шолу жасалды.
Ұйымға мүше елдер: «Қазақстан барлық міндеттемелерін сәтті орындап шықты», – деп атап өтті. Еліміздің сауда-экономикалық саясатын, ашықтығы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін жоғары бағалады.
Қазақстанның сауда саясатына алғашқы шолу барысында ДСҰ-ға мүше елдер елімізді жылы қабылдады және оның ұйым қызметіндегі белсенді рөлін атап өтті. 30-дан астам мемлекет Қазақстанның сауда саясатын және еліміздің көпжақты сауда жүйесін нығайтуға қосқан елеулі үлесін жоғары бағалады.
Осы елдердің ДСҰ жанындағы тұрақты өкілдері еліміздің экономиканы әртараптандыру және сауда-экономикалық реформалар жүргізудегі ерік-жігерін ерекше атап өтті. Олар Қазақстанның тауар жеткізу тізбегін қалпына келтірудегі және ашықтықты арттырудағы басты рөліне, сондай-ақ жаһандық саудадағы тұрақтылығына және сауданы жеңілдету реформаларына тоқталды.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Қазақстан ДСҰ-ның мүшесі ретінде 2015 жылда кірді. Содан бері біз үлкен шараларды атқардық. Мысалы, министрлік конференцияны өткіздік. Енді тұңғыш рет осы 9 жылдың ішінде Қазақстанданның сауда саясатына шолуын өткізіп жатырмыз. 30 мемлекет Қазақстанданды қолдап, өз жылы сөздерің лебіздерің бізге білдірді. Негізгі көтерілген мәселелер ол Қазақстананның экономика реформалары және осы сауданы онтайландыру жөніндегі жұмыстарды аса атап өтті.
Қазақстанның басты жетістіктерінің қатарында кедендік процестерді толық цифрландыру, оның ішінде экспорттық-импорттық транзакциялардың «Бір терезе» жүйесі және БҰҰ негізінде Сауда және даму жөніндегі конференциясымен серіктестікте әзірленген АСТАНА-1 платформасын енгізу және кедендік деректердің автоматтандырылған жүйесі бар. Сондай-ақ еліміздің «KEDEN» жаңа ақпараттық тұғырнамасын әзірлеу арқылы жаңғырудың келесі кезеңіне сәтті қадам басып келе жатқаны айтылды.
София Боза, Чилидің ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі:
- Біз Қазақстанның ДСҰ-ға кіргеннен бергі экономикалық инвестициялары мен сауда көрсеткіштеріне талдау жасадық. ДСҰ-ға мүше әрбір ел экономикалық және экспорттық өсу, экспорт пен импорт арқылы халықаралық нарыққа ену, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестициялардың Қазақстанға тигізген әсерін мойындады. Бұл сауда саясатына жасалған сәтті шолу болды, оның барысында біз Қазақстанның экономикасы мен соңғы жылдары елде атқарылған барлық игі істер туралы көп мәлімет алдық.
Жиында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту және қолайлы инвестициялық ахуал құру бойынша қолға алған реформалары туралы да айтылды. Бұл шаралар еліміздің халықаралық сауда жүйесіне ықпалдасуына және әлемдік нарықтардағы орнын нығайтуға ықпал етеді. ДСҰ-ның көптеген мүшелері Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
Хун Санг Тан, Сингапурдың ДСҰ жанындағы тұрақты өкілі:
- Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігінің бүкіл кезеңі сәтті өтті. Сіздер 2015 жылы мүше болғаннан бері жақсы жұмыс істеп, 2022 жылы пандемия жағдайында ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясын сәтті өткіздіңіздер. Қазақстан ДСҰ үшін маңызды екі құжатты – Сауданы жеңілдету туралы және Балық шаруашылығын субсидиялау туралы келісімді жетілдіре алды.
Саймон Мэнли, Ұлыбританияның Женевадағы БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:
- ДСҰ-ға мүшелік Қазақстанға халықтың әл-ауқатының өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ал Ұлыбританиядағы біз үшін елдер арасындағы гүлденген екіжақты қарым-қатынастың қозғаушы күшіне айналды. Бұл 4 қазаннан бастап Алматыдан Лондонға тікелей әуе қатынасының қайта ашылуымен сипатталды. Қазақстан ұйымға мүше болудың арқасында халықаралық аренадағы көшбасшылығын нығайта алды.
Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан ДСҰ қағидаттарына адалдығын және сауда жүйесін одан әрі нығайту, тұрақты даму және экономикалық өсу үшін халықаралық қоғамдастықпен белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.