Қ.Тоқаев: Саяси реформа жемісін беріп жатыр

Мемлекет басшысы бүгін барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысып, маңызды мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды 24kz.

Атап айтқанда, реформаға дейін саяси партиялардың түрлі санаттағы азаматтармен етене жұмыс істемегенін еске салды. Ал заңмен талап етілгеннен кейін партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Қазір олар мінберлерден өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр. Президент саяси реформалардың билік тармақтарының жұмысын жетілдіре түскенін атап өтті. Мәселен облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек мажоритарлық тәсілмен сайланады. Алты саяси партияның өкілдері де депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Сондай-ақ өзін өзі ұсынған 434 азаматтың депутат атанғанын баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадамның еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін береріне сенім білдірді.