Президент онлайн сот отырыстарының тиімділігін атап өтті
Онлайн режимде көрсетілетін сот отырыстары тиімділігін дәлелдеді.
Судъялардың 9-шы съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. «Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл – әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Президент сол себептен судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейетінін айтып, барлық сот отырысында жоғары стандарт болуы керектігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасынң Президенті
- Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде. Бұл – елімізде Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл.