Сот саласына жасанды интеллект енгізіледі
Елордада судьялар слеті өтті.
ІХ (9) съезге барлық аймақ судьялары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды. Сондай-ақ шетелдік сарапшылар да келді. Келелі кеңеске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, заң мен тәртіп үстемдігі жайында сөз қозғады. Судьяларға халықтың қорғаны болу керектігін еске салып, сала серпілісіне қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
Әділдік һәм адалдық. Құлқы үшін емес, халқы үшін төрелік ететін билер ежелден ел ішінде абыройлы. Қазір де қалың қараша соттан осы екі қағиданы талап етеді. Сенім үдесінен шындықты аттамайтын, жамандықты жақтамайтын сертіне сақ судьялар ғана шыға алады. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін әділдіктен бастады. Президент сот залын тастап, Тәуелсіздік сарайына жиналған 500-ге жуық маманға халықтың қорғаны болу керегін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әділ сот мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс. Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды.
Мұндағы мамандардың басы сирек қосылады. Судьялар слеті төрт жылда бір рет өтеді. Сол үшін саланың толғақты түйіні де, түйіткілі де осы отырыста жан-жақты шешілу керек. Жалпы, сот процесі жыл сайын жетілдіріліп келеді. Әсіресе кейінгі жылдары кешенді реформалау жүргізілді. Жеткен жетістік те аз емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті Сот әкімшілігіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен.
Келер жылы кассациялық сот жұмысын бастайды
Салаға енген өзгерістер азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Президент мұны жақсы үрдіске балады. Тек бұған тоқмейілсуге болмайды. Кезегін күтіп тұрған шаруа шаш етектен. Соның бірі кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігі. Бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтпақ. Тиісінше олар негізгі қызметіне алаңсыз кірісе алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды.
Жиында болған мамандар бұл сөзді қуаттап, жауапкершілікті күшейтудің маңызы зор деді. Мұндай бастамалар сотқа деген сенімді күшейтіп, судьяның біліктілігін арттырады.
Шымкент қаласы сотының судьясы
Судья іс қарау барысында заңды өрескел бұзатын болса Жоғарғы кассациялық судья оның қай заңды не үшін бұзғанын. Қасақана немесе білместіктен бұзғанын анықтап жазу керек. Сонымен қатар, судьяның материалдық, әлеуметтік қамтамасыз етуін жоғарлатады.
Ашықтық сенімді күшейтеді
Дүйім жұрт сот процессімен биыл етене таныса бастады. Тұңғыш рет сот тікелей эфирде көрсетіліп, млндаған адам судьялар әділдігін бақылай алды. Оған қоса, прокурорларға сенім күшейіп, адвокаттардың танымалдығы артты. Президент мұны бұрын-соңды болмаған жаңашылдық деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады.
Халықаралық сарапшылар Қазақстан сотындағы цифрландыруды жоғары бағалайды. Соңғы технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетіп, ашықтықты қамтамасыз етіп жатыр. Арнайы ақпараттық жүйе қалыптасты. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады.
Лейла Зейнашева, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
- Ел бойынша барлық сот практикасы жинақталған сандық көмекші бар. Бұл судьяларға халықаралық заңнама нормаларын біркелкі қолдануға мүмкіндік береді. Сот ісін жүргізуді жеңілдетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Енді осы жұмысты әрі қарай жеделде түсу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн.
Сот саласына жасанды интеллект енгізіледі
Айтпақшы, жасанды интеллект те сот процесін жеделдетуге көмектесіп жатыр. Мамандардың сөзінше, адами фактор азайып, маңызды құжаттарды қабылдауға роботтар атсалысып жатыр.
Ұлдана Сүлейменова, Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істеп бойынша, тез арада қарау өтініштері түскен кезде, робот ол істерді автоматты түрде тіркеп, хаттамадағы мәліметтерді қаулыға аударып, тез арада қаулыны шығаруға ықпал етеді. Бұрынғы кезде 5-6 адам кеңседен 3-4 күнде тіркелетін іс қазір роботпен бір минутта тіркеледі.
Судьяларға қойылатын талап күшейтіледі
Қасым-Жомарт Тоқаев сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жалпы, судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті қазылар қауымы тексереді. Бұл – соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл.
Бекзат Аманов, тілші:
- Отырыста судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдау туралы ұсыныс болды. Бастама Мемлекет басшысынан қолдау тапты. Алаш ардақтысы Міржақып Дулаттан қалған мынадай тәмсіл бар. Халықтың тілін, тұрмысын, тынысын білмейтін сот сот емес, сор. Сол үшін судьяларды қатаң іріктеп, жауапкершілігіне жүк қосу құптарлық іс дейді мамандар. Ең бастысы, жаңа талап пен міндеттер судьялардан да қолдау тапты.
Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев