Мемлекет басшысы ТМД саммитіне қатысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып жатыр.
Жиында оннан аса мәселе қаралады. Оның ішінде экономика, қауіпсіздік, жоғары технологияларды дамыту жайы бар. Президенттер жиынды шақын құрамдағы келіссөзден бастады. Биылғы басқосудан не күтуге болады? Қандай уағдаластықтар күтіледі?
Бекзат Аманов, тілші:
- Тәуелсіз мемлекеттер достастығы. 30 жылдықтың бедерінде үлкен белестерді бағындырған ұйым қазір маңызды кезеңді бастан өткеріп жатыр. Тиісінше, халықаралық қауымдастықтың да қызығушылығы жоғары. Бұл жолы әлем саясатының назары түгел Мәскеудегі мәміле алаңына ауды. Шаһардың аспанын алагеуімнен бұлт торлап, түнек тартса да, саммит қатысушыларының көңіл-күйі ашық жарқын. Бірлестікке мүше мемлекеттердің Президенттері кезегімен Үлкен Кремль сарайына жиналды. Бұл қатарда қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
ТМД мемлекеттері басшыларының отырысы Кремль сарайының тақ бөлмесінде өтіп жатыр. Андреев залындағы алқалы жиынның биылғы маңызы ерекше. Келелі кеңесте қауіпсіздіктен бастап экономикалық интеграция жайы сөз болуда. Күн тәртібінде 14 сұрақ қамтылған. Бірлестік басқосуы, алдымен, тек Президенттердің қатысуымен шағын құрамда өтті. Негізгі тақырыптың бірі экономикалық интеграция. Бұл бағытта Қазақстанның өз ұстанымы мен қызығушылығы бар.
Константин Калачев, саясаттанушы, өңірлік саясатты дамыту орталығының президенті:
- Қазір Қазақстанның логистикалық әлеуеті өсіп келеді. Сіздер тауарды қауіпсіз әрі жылдам жеткізу мүмкіндігін ұсынып отыр. Бірақ қазақ елін тек логистикалық хаб ретінде қарауға болмайды. Ол Азия ішінде ғана емес, посткеңестік кеңістікте де экономикалық әлеуеті ең жоғары ел. Өйткені, мұнда экономиканы жылдам дамытуға барлық мүмкіндік бар. Оның үстіне Қазақстанның саяси беделі жылдан жылға артып келеді.
Қазақ басшысы экономикадағы серпіліске қашан да ерекше мән береді. Әр жиын сайын саудадағы серіктестік пен логистика жайлы айтып жүр. Бұл жолы да бұл бағыт ескерусіз қалмайтыны анық. Сарапшылардың айтуынша, ТМД саммиті кезекті қарапайым басқосу емес. Мәскеудегі отырыстың арқауы - жаңа тәуекелдерді еңсеріп, кедергілермен күресу.
Николай Кульбака, тәуелсіз сарапшы:
- Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары жыл сайын, дәстүрлі түрде басқосып жүргені белгілі. Бірақ, жылдан жылға жағдай өзгеріп, айналысатын шаруа да түрлене түсті. Жаңа сын-қателерді бірлесе еңсеріп, өзара қатынасқа қарқын қосу маңызды. Бұл жолы да мәмілемен шешілетін мәселе көп. Санкция салқыны, серіктестіктің жаңа жолдарын іздеу, логистикалық бағыттарды жаңғыртуды мысалға алуға болады.
Көпшілік күткендей, жиында қауіпсіздік тақырыбы да қозғалуда. Қазір жаһан тыныштығы теңселіп тұр. Саяси ғана емес, экономикалық қақтығыстар да өрши түсті. Басқосуда бұл мәселеге де баса назар аударылатыны анық.
Таисия Мармонтова, аналитикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі:
- Қазіргі заманда қауіпсіздік сөзінің мәні кеңейе түсті. Бұл тек қару асынып, шекара күзетететін сарбаз емес. Энергетикалық және экономикалық қауіпсіздік те маңызды. Бұл бағытқа ұйымға мүше мемлекеттер баса назар аударып отыр. Қазақстан да қарқынды жұмыс істеп жатыр.
Б: Жиын барысында мәдени һәм гуманитарлық серіктестік те қаралады. ТМД кеңістігінің мәдени астанасы айқындалады. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына арналған мәлімдемелер де күтіледі. Көптеген құжатқа қол қойылады. Айта кетейік, ұйымның төрағалығы Тәжікстанға өтеді. Тиісінше келесі отырыс Душанбеде өтеді.
Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев