Бейбітшілікке бастаған бірлестік
ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырыcына 9 елдің Президенті келіп, жаһандық проблемаларды ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік туын тік ұстауға шақырып, «бір-бірімізді негізсіз, сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық танытқанымыз жөн» деді. Сондай-ақ ашықтық пен сауда жолдарын кеңейтуге қатысты, пікірін білдірді.
Бекзат Аманов, тілші:
- Мәскеу. Әлем саясатының назары тағы да Ресей астанасына ауды. Қауіпсіздігі күшейген қызыл алаң ТМД Мемлекеттері басшыларының кеңес отырысын қабылдады. Келелі келіссөз, маңызды мәмілелер алаңында талқыланған мәселе көп. Ашығын айту керек, қазір жаһан тыныштығы теңселіп тұр. Демек, бұл жиынның аймақ үшін ғана емес әлем үшін маңызы жоғары.
Жиын басында Президенттер ресми суретке түсті. Үлкен саясатта ұсақ-түйек болмайды. Әр қадамда мән жатыр. Ұйымға мүше елдердің бағыт-бағдары Мемлекет басшылары таққан мойынбаудың түсі сияқты, ұқсас. Тіпті саяси сұрақтары толық шешілмеген елдердің көшбасшылары рәсім кезінде иық тірестіре тұрды. Мұның астарында көп мән бар.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы. Ұйымың мұндай атау алғаны бекер емес. Демек, бірлестік ішінде араздық болмауы керек. Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшіліктің сақталуына ТМД тікелей әсер еткенін еске салып, оны дамыту Қазақстан үшін басты басымдық деді. Өзге әріптестерін де мәселені мәмілемен шешуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен ғасырдың 90-жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достастықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн.
Президенттің бұл пікірін сарапшылар да қуаттайды. Саясаттанушы Константин Калачевтың пікірінше, ТМД ішіндегі сындарлы қарым-қатынасты үзбеу керек. Серіктестік серпіліске әкелетінін Орталық Азия елдері іс жүзінде көрсетті.
Константин Калачев, саясаттанушы, өңірлік саясатты дамыту орталығының президенті:
- Орталық Азияның басшылары тіл табысып, тиімді серіктестік құра алды. Соның арқасында аймақтың дамуына бірлесе күш салуда. Өзекті мәселесі де, түйінді түйткілі де бір. Көпвекторлы саясатты ұстанып, қазіргі жағдайға жақсы бейімделді. Қазақстан посткеңестік кеңістікте де экономикалық әлеуеті ең биік ел. Өйткені, мұнда экономиканы жылдам дамытуға барлық жағдай бар. Оның үстіне Қазақстанның саяси беделі жылдан жылға артып келеді.
Әлемдегі геосаяси жағдай құбылып тұр. Тіпті ТМД-ға мүше мемлекеттердің арасында саяси сұрақтар жетерлік. Президент сындарлы сәтте бейбітшілікті таңдау керек деді. Осылайша, Әзербайжан мен Армения Президенттерінің қадамын құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан ресімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар.
Біз серіктестікке ашық, байланысқа бейілді болуымыз керек. Сол үшін Президент «ТМД+» форматын құруды ұсынды. Осылайша жаңа дос табуға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ТМД-ның әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, «ТМД +» форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады.
Экономикалық қақтығыс та өрши түсті. Президент мұндай жағдайда сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері ұдайы назарда болуға тиіс екенін ескертті. Қазақстан үшін ТМД нарығы қашанда маңызды. Елдің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде. Бұл көрсеткішті еселеуге мүмкіндік бар.
Виктория Перская, экономист:
- Экономикада оң серпіліс бар. Ұлттық валюталардың айналымы өсіп жатыр. Демек, экономикамыз бәсекелестікке шыдамды. Бірлескен жобаларды көбейту керек. Қазір бұл бағытта да жұмыс қызу жүруде.
Президент жәрмеңке өткізуді ұсынды. Қазір мұндай саудаға сұраныс жоғары. Шараға Еуразия өңірінен шеберлер мен шаруалары шақырылады. Алғашқы көрмені Қазақстандық тарап қабылдауға дайын. Оны ең көне қаланың бірі – Таразды шаһарында өткізу ұсынылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары. Осыған орай «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады.
Сауда туралы сөз қозғалған логистика шетте қалмасы анық. Көпшілік күткендей, тауар тасымалы да айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынған едім. Бұл жұмысты мейлінше тезірек аяқтауымыз керек. Жалпы, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий бағыты сияқты жаһандық жобаларды өзара үйлестіру Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді.
Ал Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты Президент ойы мынадай...
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл Достастық елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы дата. Еркіндік пен әділдік салтанатының нышанына баланатын мазмұнды мереке. Біз әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін әрдайым есте сақтауға тиіспіз.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Республикасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.
Бекзат Аманов, тілші:
- Кейінгі кездері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының өміршеңдігі туралы әңгіме жиі көтеріліп жүр. Тіпті бұл сауал ресми мінберлерден де естілді. Бірақ бүгінгі отырыс көп сұрақтың бетін жапқан сыңайлы. Бірлестіктің маңызды мәселелерді мәміле алаңында шешуге қауқары жететінін дәлелдеді. Дәрменді әрі пәрменді екенін көрсетті. Ендігі мақсат - осы айтылған ауқымды ұсыныстарды іс жүзінде орындау.
Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы