Ашхабадта Абай ескерткіші ашылды

Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш орнатылды.

Оны Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов салтанатты түрде ашты. Қазақ басшысы "Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды", деді. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар екенін еске салып, оның философиясы жөнінде сөйледі. Сондай-ақ, бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті. Ал Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы бауырлас халықтардың тарихи және мәдени өмірінде жарқын із қалдырған белгілі тұлғалар мұрасын сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор екеніне тоқталды. Іс-шараға Түрікменстанның зиялы қауым өкілдері және Қазақстанның ресми делегация мүшелері қатысты. Айта кетейік, жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапатталды. Президент мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.