Президент ресми сапармен Түрікменстанға барды

Ашхабадта қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды.

Салтанатты шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Мемлекет басшысы бүгін ресми сапармен Түрікменстанға барды. Бұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовпен келіссөз жүргізіп, «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысады деп жоспарланған.

Риат Шони, тілші:

- Қазақ-түрікмен қатынастары ғасырлар бойы тамыры тереңге кеткен тарихи байланыстарға негізделген. Осы күнге дейін екі халықтың қойы қоралас, ауылы аралас болып, ортақ мәдениет пен дәстүрлер қалыптасты. Ал Қазақстан мен Түрікменстанның экономикалық байланысы — «қос өзеннің тоғысындай» үздіксіз дамып, әрбір саланы гүлдендіріп келеді. Екі ел арасындағы сауда-саттық пен стратегиялық әріптестік Орта Азиядағы тұрақтылықтың мызғымас негізіне айналған. Бұл әріптестік тек жақсы күннің шырағын жағып қана қоймай, болашаққа бағытталған стратегиялық жобалар арқылы бірліктің жалауын биік ұстауда.

Осы жалаудың тұғырын түсірмей асқақтату үшін қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Түрікменстанға келді. Түрікмен төріне табан тіреген мәртебелі мейманды әуежайда Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алып, зор қошемет көрсетті. Құрмет қарауылы сап түзеп, елдің әнұрандары орындалды.

Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен екі жақты кездесу өткізді. Тараптар екі ел арасындағы қазіргі әріптестік жайын талқылады. Қазақ басшысының бұл жолғы ресми сапарының басты мақсаты Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығару. Кездес барысында Президент осыны жеткізіп, қонақжайлық танытқаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді.

Ашхабадта Абайдың ескерткіші ашылды

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты жиында қазақ басшысы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Ал хәкім Абай ескерткішінің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама.

Айта кету керек, биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылған болатын. Бұл айтулы оқиғаны да бүгін Президент еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде Абай мен Мақтымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Түрікменстанға бүгінгі ресми сапарым – соның айқын дәлелі. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші Ашхабадтың «Лачын» саябағында орналасқан. Таза қоладан құйылған мүсіннің биіктігі 4,5 метрге дейін жетеді. Қолына кітап ұстаған ойшылдың көзқарасы болашаққа бағытталған. Жиында сөз сөйлеген Түрікменстан Халк Маслахатының өзінен кейін мол мәдени мұра қалдырған ұлы тұлғаның шығармаларын сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор және маңызды миссия екендігін атады.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы:

- Бүгін біз астанамыз Ашхабадтың тамаша мүйісінде орналасқан ғажап саябақта бауырлас қазақ халқының ұлы ақыны, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу рәсімінде бас қосып отырмыз. Баршаңызды осы салтанатты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Түрікмен және қазақ халықтары әлемнің мәдени-рухани қазынасына үлкен үлес қосты. Соған сәйкес, бұл мәдени мұраны тыңғылықты зерттеу, оны кеңінен насихаттау және осы саладағы халықаралық әріптестікті дамыту аса маңызды міндет болып саналады.

Жалпы айта кету керек, қазақ-түрікмен қатынасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар тамырын тереңге жайған. Қазір Қазақстанда білім алып жатқан түрікмен жастары да жетерлік. Бір ғана Алматының өзінде 2 мыңға жуық студент оқып жүр. Ал күні кеше ғана Түрікменстанда Қазақстанның мәдени күндері өтті.

Тахир Ходжаев, Түрікменстан Халықаралық ақпараттық орталығының бас редакторы:

- Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс жоғары деңгейде деп айта аламын. Күні кеше ғана сіздердің елдеріңіздің мәдени күндері өтті. Түрлі фильмдер көрсетіліп, концерттер қойылды. Халқымыз дән риза. Оның үстіне Астана қаласында түрікмен халқының ұлы ойшылы, көрнекті ақын Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды. Ал Ашхабадта қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылды. Бұл бауырлас елдердің достығы бір орында тұраламай, ілгері жылжып жатқандығын айғақтайды.

Түрікменстанда қазақстанның мәдени күндері өтті

Қазақстанның Түрікменстандағы Мәдени күндеріне 3000-нан астам қонақ қатысты. Қазақ өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт те жергілікті қауымның көңілінен шықты.

Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

- Елімізге әйгілі Құрманғазы оркестірінің бастауымен қазақстың маңдайалды жұлдыздары бүгінгі сахнаға көтерілді. Алуан түрлі бағдарламамен біздің Қазақстанның өнерпаздары келіп отыр. Әрине, көңіл күйіміз өте керемет. Өйткені әуежайдан түскелі бері бізді жақсы қарсы алды. Арғы тамырымыз бір жерден шығып келе жатқаннан кейін бір жерден өрбіп өскен ел екенімізге дәлел ретінде бұл жақта қобызбен біздің қыл қобыздармен шығармаларын тыңдап осында көзіміз жетіп жатыр.

Осман Гуджимов, Түрікменстанның еңбек сіңірген әртісі:

- Бүгін біз қазақ-түрікмен достығына арналған концертке қатыстық. Біздің тараптан 3 дутаршы болса, қазақтардан 3 домбырашы болды. Бәріміз бірлесіп екі елдің танымал шығармаларын кезек-кезек ойнадық. Бұл біздің достығымыздың айқын көрінісі деп ойлаймын.

850 көрермен тамашалаған бұл гала-коцерт екі ел арасындағы мәдени байланыстың жарқын көрінісіне айналды.

 

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев және Дулат Ентебеков