Түркия Орталық Азияны «Түркістан» деп атамақ
Орталық Азия емес Түркістан. Түркия біздің географиялық өңірді осылай атамақ.
Бұл туралы осы елдің Ұлттық білім беру министрі мәлімдеді. Министрдің айтуынша, елеулі қадам – тарихи тұрғыда дұрыс әрі әділ шешім, өйткені «Түркістан» ұғымы ежелден түркі халықтарының мекенін білдірген.
Түркияда 2024-2025 оқу жылынан бастап орта білім беретін оқу ордалары тарих пәнінде «Орталық Азия» атауының орнына «Түркістан» терминін қолданбақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс болашақ ұрпақтың түркілік сана-сезімін, ұлттық бірегейлігін және отансүйгіштік рухын нығайтуға үлкен үлес қосады.
Ахмет Ташагил, тарихшы:
- Түркістан – түркілердің бағзыдан өмір сүретін жерінің атауы. Біз бұған дейін батыс және шығыс деректерінде Түркістан деген терминді қолданатынбыз. Түркістан дегенде ойымызға Орталық Азияны яғни, Түркіменстан, Өзбекстан, Солтүстік Ауғанстан, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстаннан құралған аймақ келеді. Түркиядағы мектеп оқушылары Орталық Азияда басқа да бауырлар бар екенін түсінеді. Бұл өз кезегінде, халықтар арасында селбесуді одан әрі арттырады.
Жаңа бағдарлама түркі әлемінің ортақ тарихы мен әдебиеті арқылы халықтарды біріктіруді мақсат етеді. Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған да «Түркі дәуірі» кезеңін бастау туралы айтып, Түркияның Түркістанды әлемнің өркендеген күші ретінде қалыптастыруға үлес қосатынын атап өтті.
Бекир Түмен Сомунжуоғлұ, тарихшы:
- Бастауыш сыныптарда Түркістан атауының қолданылуы өте оңды. Бұдан басқа Түркістан атауын Түркістанға қатысты түрлі жобаларға, стипендиялық бағдарламаларға және әртүрлі зерттеу орталықтарына беруге болады. Бұл өз кезегінде тарихи жадыны жаңғырту тұрғысынан оң әсер етеді. Сондай-ақ Түркі академиясы дайындаған Түркі әлемінің ортақ тарих кітабы бар. Қазіргі таңда Түркияда және Түркі мемлекеттерінде таңдамалы пән ретінде оқытылады. Бұл кітапты міндетті курсқа айналдыру мүмкін болса, Түрік әлемінің ортақ жады мен Түрік әлемінің ортақ санасының дамуына пайдалы болады.
«Түркістан» атауы қазақ зиялы қауымы да өткен ғасырларда белсенді қолданған», - дейді Түркиядағы қандасымыз, тарихшы Абдулуахап Қара. Айтуынша, Қазақстандағы Түркістан атауы берілген жер атаулары, газет журналдар мен өлең шумақтары бұған дәлел.
Абдулуахап Қара, тарихшы, алаштанушы:
- Түркістан атауын кең қолдану идеясын өткен ғасырда қазақ зиялылары алғаш рет атап өткен еді. Оның басында, Мағжан Жұмабай келеді. Мағжан Жұмабай өзінің әйгілі өлеңінде Түркияда да жақсы танылған Түркістан өлеңі. Түркістан- екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістанда туған түріктің тәңір берген нәсібі ғой деп атап өткен еді.
Түркиядағы Түркістан ұғымы тарихи, мәдени және рухани тұрғыдан терең мағынаға ие. Түркістан – тек географиялық атау ғана емес, сонымен қатар, түркі халықтарының ортақ тамыры мен мәдени бірлігінің символы. «Түркістан ұғымы Түркияның рухани және мәдени өмірінде ерекше орын алады және түркі халықтарының болашағына деген көзқарасында маңызды рөл атқарады», - дейді түрік ғалымдары.