Қ.Тоқаев: Бейтарап Түрікменстан әлемдегі қауіпсіздікті нығайтуға мол үлес қосуда

фото: akorda.kz

Түрлі жаһандық сын-қатерлер пайда болып жатқан күрделі кезеңде Мақтымқұлы Пырағы поэзиясындағы терең гуманистік ойлар өзекті болып отыр.

Ақын өз шығармаларында бейбітшілік, өзара сенім мен құрмет сияқты мызғымас құндылықтарды дәріптейді. Бұл жөнінде бүгін Ашхабадта ғұламаның 300 жылдық мерейтойына арналған халықаралық форумға қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Тағы Президент өз сөзінде тұрақты бейтараптық саясатын ұстанған Түрікменстан елі әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мол үлес қосып, Орталық Азия және Каспий аймағында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етіп отырғандығын да мәлімдеді.

Риат Шони, тілші:

- Мақтымқұлы Пырағы – түркі әлемінің тұғыры биік тұлғасы, жүрекке жақын жырлары мен даналығымен халқына жол көрсеткен ақын. Оның өсиет сөздері мен өлеңдері тасқа қашалғандай мәңгі сақталып, түркі жұртының рухани азығына айналды. Асыл сөздің астарын аңдаған түркі бауырлары үшін оның жырлары құнды қазына, терең ойдың қайнары. Ал биыл ТҮРКСОЙ ұйымы 2024 жылды Мақтымқұлы Пырағы жылы деп жариялаған болатын.

Түрікменнің төлқұжатына айналған Мақтымқұлы Пырағының өлеңдері – қияндағы құмның ішінен туған ұлы дала үні, халықтың жан тебіренісі мен мұң-зарының айнасы. Қаншама жылдар өтсе де, ақынның жырлары сарқылмас бұлақтай, әр дәуірдің рухани нәрін беріп, түркі жұртының мәңгілік шамшырағы болып қала бермек. Ақын өлсе де, өлеңі өлмейді. Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға сөз сөйлеген Президент ғұламаның күллі шығыс жұртына ортақ ойшыл екендігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мақтымқұлы Пырағы – әлем руханиятында орны бар тарихи тұлға. Сондықтан ЮНЕСКО ақын мұраларын «Әлем жады» атты халықаралық тізімге енгізген. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы осы жылды «Түркі әлемінің ұлы ақыны әрі ойшылы Мақтымқұлы Пырағы жылы» деп жариялады. Бұл – барша түркі жұртының ерекше сый-құрметі екені сөзсіз. Ұйымның шешімі ақын шығармаларын халықаралық деңгейде танытуға септігін тигізеді деп сенемін.

Жасыратының жоқ, қазір әлемдегі геосаяси ахуал мың құбылып, ушығып тұр. Жаһандық сын-қатерлер де пайда болып жатыр. Осы ретте Президент мұндай күрделі кезеңде поэзияның пырағы атанған ғұламаның рухани мұрасы айрықша өзекті бола түскенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мақтымқұлы поэзиясы терең гуманистік ойларға толы. Ақын өз шығармаларында бейбітшілік, өзара сенім мен құрмет сияқты мызғымас құндылықтарды дәріптейді. Оның әр туындысында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік бар. Мақтымқұлы халықты басқа елдермен, яғни, күллі әлеммен ынтымақта өмір сүруге шақырды. Мұны жарқын болашақтың кепілі деп түсінді.

Эльвира Қадырова, News Cenral Asia бас редакторының орынбасары:

- Қазіргі күрделі геосаяси кезеңде Мақтымқұлы өз поэзияларында насихаттаған құндылықтар өзекті болып отыр. Түрікменстан бейбітшілікке негізделген саясат жүргізеді және бұл принциптер сыртқы саясатқа негізделген. Бүгінгі шараға да бір кеңістікте, Евразия кеңістігіндегі мемлекеттер қатысып отыр. Бұл халықтарды мәдениет қызықтырады. Сондықтан мәдени дипломатияны дамыту маңызды.

Тағы форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің ауқымды реформалар жүргізіп, қарқынды даму жолына түскеніне назар аударды. Түрікменстан әу бастан бейтараптық саясатқа ден қойған. Осы қағидатты берік ұстанған мемлекет ұлттық бірегейлігін де сақтап, елдік мүддесін қорғап келеді. Бұған келер жылы 30 жыл толады. Табанды саясатының арқасында бауырлас ел әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға да мол үлес қосуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондай-ақ Орталық Азия және Каспий аймағында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуде. Біріккен ұлттар ұйымы 2025 жылды «Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы» деп жариялады. Бұл игі бастаманы Түрікменстан елі көтерді. Мақтымқұлы түрікмен жұртының іргелі ел болуын аңсап өтті. Бүгінде ұлы бабаның арманы ақиқатқа айналды. Түрікменстан өсіп-өркендеген мықты мемлекет болып отыр.

Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:

- Мақтымқұлы Пырағының мұрасы – біздің үлкен байлығымыз және оның өсиеттерін берік ұстану – біздің қасиетті міндетіміз. Ақын нұсқауларына адал бола отырып, біз халықтың бірлігі мен ынтымағын, мемлекеттің егемендігін одан әрі нығайта береміз. Сондай-ақ әлемнің басқа елдерімен достық пен бауырластық байланыстарын, тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін боламыз. Біз әрқашан бейбітшілік пен адамзаттың теңгерімді дамуына үлес қосуға дайынбыз.

Жалпы түбі бір түркі жұртына құндылығы ортақ ғұлама – Мақтымқұлының мәдени мұрасын насихаттауда Қазақстанның да қосып жатқан үлесі зор. Елімізде халықаралық конференция өткізіліп, классиктің өміріне арналған деректі фильм де түсірілді. Ал биыл Мақтымқұлы атындағы халықаралық сыйлық тағайындау туралы бастама көтердік. Тағы жақында екі ел арасындағы мызғымас достық пен тату көршіліктің символы ретінде Астанада Мақтымқұлының ескерткіші де орнатылды. Форум барысында Президент поэзия пырағы Мақтымқұлы мен өлең патшасы Абай шығармаларында үндестік бар екендігін де айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Олардың рухани мұрасы екі елдің сан қырлы мәдениетін байытып, барша адамзаттың ортақ құндылығына айналды. Қазақ-түрікмен халықтарының тамыры – бір, тарихы – ортақ. Достығымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Осы мызғымас құндылықтардың негізінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық белсенді дамуда. Мұның бәрі қазақ-түрікмен қатынастарын одан әрі нығайта түсері сөзсіз.

Поэзия пырағы Мақтымқұлының жырлары заманалар ауысса да, көңіл төрінде сақталады. Ақынның үні өміршең. Оған бүгінгі ауқымды шара дәлел бола алады. Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты форумға 9 елдің Президенті қатысты.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Дулат Ентебеков, ПТРК