Мемлекет басшысы №23 жаңа өрт сөндіру бөліміне барды

Президент елордада қысқа мерзімде бой көтерген өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен де танысты.

Заманауи өрт сөндіру депосында 50 құтқарушы жұмыс істейді. Ал жас мамандар үшін бөлім жанынан екі қабатты жатақхана салынған. Президентке, сондай-ақ, өрт сөндіру және құтқару операцияларына арналған заманауи жабдықтар көрсетілді. Елімізде алғаш рет іске асқан пилоттық жоба енді өзге де өңірлерде қолға алынбақ.

Қалалар өсіп, халық саны артқан сайын қауіпсіздік мәселесі өзекті бола түседі. Енді бас қаланың тыныштығын күзетіп, оны тілсіз жаудан қорғауда жаңа өрт сөндіру бөлімі қатарға қосылды. Екі айдың өзінде мұндағы құтқарушылар 200-ге жуық дабылға жедел шығып үлгерген. Бөлім жұмысымен танысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылардың жанқиярлық еңбегін ерекше атап өтті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жақында топан су болды бізде, үлкен апат. Құтқарушылар жақсы жұмыс істеді. Жалпы, мемлекет тарапынан жәрдем болады әрқашан.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі Елорданың Алматы ауданында орналасқан. 90 мыңнан астам  тұрғыны бар аудан көпқабатты үйлер, әлеуметтік нысандармен толығып келеді. Құтқарушылар осы аумақтағы кез-келген төтенше оқиға орнына уақытылы жетіп, қауіптің алдын алуға әзір. Атап өтерлігі мұндай өрт сөндіру бекеті елімізде алғаш рет пилоттық жоба ретінде іске асырылды. Бұл - сала жұмысын заманға сай жетілдірудің маңызды бастамасы. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баршаңызды біз жоғары бағалаймыз. Мемлекет тарапынан жәрдем беріп тұрамыз. Бұл модульный деген депо. Осындай деполар еліміз бойынша көп болады. Біз тиісті қаражатты міндетті түрде бөлеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев бөлім аумағында жаңадан салынған екі қабатты жатақхананы аралап көріп, өрт сөндірушілердің отбасыларын құттықтады. Заманауи үлгімен жасалынған жылы да жайлы бөлмелерде барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта да сала қызметкерлерін баспанамен қамту жалғасын табады. Бұл өрт сөндірушілердің алаңсыз жұмыс істеуіне үлкен қолдау.

 

Ділзат Білісбаева, жатақхана тұрғыны:

- Біздің осы жатақханаға көшіп келгенімізге бір аптадан асты. Барлық тұрмыстық жағдайдар жасалынған. Ең бастысы, барлық техникамыз, оның ішінде кір жуу машинасы, холодильник, кондиционерге дейін қамтамасыз етілген.

Бұл өрт сөндіру бөлімі бұрынғыларынан өзгеше. Қысқа уақытта қолданысқа берілген нысан жобасын отандық мамандар жасаған. Сапалы әрі тез құрастырылатын модульді материалдардан салынған өрт сөндіру депосы функционалдық тұрғыдан өте қолайлы. Жабық тұраққа алты арнайы техника сыяды.

 

Қуандық Танабас, тілші:

- Қазақстанда баламасы жоқ өрт сөндіру бөлімі небәрі үш жарым айда бой көтерді. Салыстцрмалы түрде айтсақ, мұндай кешендердің құрылысына бұрын екі жылдай уақыт кететін. Бекеттің құрылысына негізінен отандық материалдар қолданылған, жобаны қазақстандық компания жүзеге асырған.

 

Қазіргі таңда елімізде 454 өрт сөндіру бөлімі бар. Қалалардың өсуін ескере отыра, болашақта азаматтық қорғаныс құрылымдарының санын арттыру жоспарланған. Сондықтан алдағы жылдары тағы 121 өрт сөндіру бекеттерін салу көзделіп отыр. 

 

Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:

- Тез салынатын материалдардан салынған. Қысқа шыдайтын, ақшасы да. Баяғыда басқа часттарды 1,5-2 млрд салынса, бұл 800 млн теңгеге шығады. Бүкіл елімізде осындай жаңа деполарды салуымыз керек, өйткені үлкен қалалар өсіп жатыр, саны өсіп жатыр.

Өрт сөндіру бөлімінде демалыс бөлмелері, оқу сыныбы, психологиялық кабинеттер  қарастырылған. Болашақта бөлім аумағында басқа да спорттық нысандар салынады.

 

Динара Нұрғалиева, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

- Болашақта бұл проект толықтырылады. Бұл жерде фитнес, спорттық нысандар құрылады. Біздің өрт сөндірушілер спортты қатты жақсы көреді.

Бөлімде жаңа 6 өрт сөндіру көлігі, үш жол талғамайтын техника бар. Бұл төтенше оқиға орын алған жерге шұғыл жетіп, апаттық құтқару жұмыстарын жедел жүргізуге көмектеседі. Бұдан бөлек, азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынып отыр.

 

Еркебұлан Оразбаев, Астана қаласы №23 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:

- Бұл бөлім орналасқан жердегі балабақша, мектеп болсын тез арада жетуге мүмкіншілік беріп тұр. Біз өте қуаныштымыз. Осындай мүмкіншіліктермен халқымыздың қауіпсіздігін жедел жетіп, жедел көмектесуге өте ыңғайлы. Оған қоса, қуанышты сәттеріміз же жақын деп ойлаймын,тұрғын үй төлемдері  біздің қызметкерлерге күннен күнге жақсартылып келе жатыр.

Заманауи модульді өрт сөндіру деполары еліміздің барлық өңіріне қажет. Сондықтан пилоттық жобаның аясы кеңейтілетін болады.

Қуандық Танабас, Ержан Рахманбердиев