Тоқаев: Орта державалар дау-дамайды реттеуге жиі дәнекер болады
Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады.
Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді. Бүгін елорда төрінде өткен Astana Think Tank форумының пленарлық отырысына қатысқан мемлекет басшысы осылай деді. Алқалы жиын барысында Президент қазір әлем елдері күш біріктіріп, соғыс, қақтығыс атаулыны тоқтатып, керісінше, диалог пен бейбітшілік жолына түсу қажеттігін де айтты. Тағы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыру жайында да пікір білдірді.
Биыл Германияның «Ғылым және саясат қоры» атты беделді ғылыми-сараптамалық орталығы Қазақстанды орта держава мемлекеттерінің қатарына қосқан болатын. Көпвекторлы саясатты ұстанған біздің дипломатия бейбітшілікті орнатуға бағытталған. Бұл барша жұртқа аян. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда экономикалық интеграцияны ілгерілетіп, аймақтағы маңызды транзиттік дәлізге айналды. Сондықтан еліміздің орта державалар санатына қосылуы заңдылық және Қазақстанның да бұл форумда айтары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді.
Қазақстан бейбітшілікті сүйетін, бітімгер мемлекет. Сондықтан да еліміз қақтығысушы тараптарды бітімге шақырып, өз жерінде диалог алаңын әрдайым ұсынып келеді. Форум барысында Президент еліміздің Иранмен ядролық қару мәселесінде мәмілеге келуге, Сирия бойынша келіссөз жүргізуге, сондай-ақ жақында ғана Армения мен Әзербайжан арасындағы кездесуге де арнайы алаң ұсынғанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ядролық қарудан ерікті түрде бас тарттық әрі оны таратпауға қатысты жаһандық бастамаларға қолдау көрсетіп келеміз. Астананың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысы ғаламдық қауіпсіздік саласындағы қатерлерге қарсы міндеттемелерімізді толықтыра түседі. Қазақстан қоршаған ортаны қорғау ісінде ғаламның климаттық күн тәртібіндегі мақсаттарын құптайды. Біз Климат жөніндегі Париж келісімін қолдаймыз.
Павел Легкий, Беларусь стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
- Бүгін Қазақстан Президенті қандай қақтығыстарда медиатор ретінде маңызды рөл атқарғандығын атап өтті. Бұған Әзербайжан мен Армения арасындағы кикілжіңді шешудегі ара ағайындықты да жатқызуға болады. Бұл көпшілкке жақсы үлгі. Қазақстан әу бастан бейбітшілікті ту еткен мемлекет және бітімгершілік саясат сіздердің қолдарыңыздан жақсы келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға да тоқталып өтті. Бұның барлығы демократиялық қоғамды құруға бағытталған. Мәселен, жақында ғана АЭС құрылысы бойынша өткен жалпыхалықтық референдум еліміздің демократиялық құндылықтарға бейіл екенін көрсетті. Президент бұл реформалар ішкі тұрақтылықты сақтауда ғана емес, экономикалық өсімге және шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай жасау ісінде де маңызды екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан экономикалық тұрғыдан айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Біз 400 миллиард доллар көлемінде шетелден тікелей инвестиция тарттық. Елімізде жаңа инвестициялық кезең басталды. Оның стратегиялық мақсаты – 2029 жылға қарай 150 миллиард доллар көлемінде қаржы тарту. Біз инвесторлар үшін жедел шешім қабылдаудың және жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетудің мәні зор екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта Инвестициялық кеңес құрылды. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларға жетекшілік ету құзыреті берілді.
Бұл жетістіктердің барлығы Қазақстанның әлемдік аренадағы ықпалын күшейтеді. Ал еліміз халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі ретінде ұзақ жылдардан бері өз миссиясын мінсіз атқарып келе жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің сыртқы саясатымыздың негізгі басымдықтары – тәуелсіздік, мультилатерализм, өңірлік тұрақтылық және дипломатия. Сондықтан біз жаһандық ынтымақтастық пен прогрестің қозғаушы күші әрі әлемдегі бірегей әмбебап ұйым саналатын БҰҰ-ның рөлін қолдаймыз. Өз өңірімізде, сондай-ақ одан тысқары жерлерде ұзақмерзімді бейбітшілік пен даму үрдісін сақтау үшін негізгі серіктестеріміздің бәрімен конструктивті қарым-қатынас жасау маңызды деп санаймыз.
Біріккен ұлттар ұйымы - әлемдегі әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым. Соңғы кезде мұндағы қауіпсіздік кеңеске реформа қажеттілігі жиі айтылып жүр. Себебі де жоқ емес, бар. Өйткені мұнда орта державалардың үні естіле бермейді. Сондықтан Президент Қазақстан бұл елдердің мүддесін қорғауды жалғастыра беретіндігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз халықаралық жүйенің мейлінше инклюзивті және орнықты болғанын қалаймыз. Мемлекеттерді үлкен немесе шағын деп бөлмей, оларға жаһанды жақсарту үшін өз үлесін қосуға мүмкіндік беру керек. Қазақстан алдағы уақытта да әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға дайын. Біз дипломатияның, экономикалық ынтымақтастық пен көпжақты басқарудың тоғысқан жерінде тұрмыз. Халықаралық тәртіп өзгеріп жатқан кезеңде біздің жай ғана бақылаушы болғымыз келмейді. Керісінше, анағұрлым теңгерімді, әділ әрі орнықты ғаламдық жүйенің архитекторлары болуға ұмтыламыз.
Александр Лукин, Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының ғылыми жетекшесі, РФ:
- Біріккен Ұлттар Ұйымы да, Қауіпсіздік кеңесі де реформалауға қарсы емес. Бірақ бұл өте қиын мәселе. Кеңеске қазір әлемде ықпалға ие, экономикасы дамыған елдерді қосу жайы талқыланып жатыр. Бірақ ол үшін геополитикалық жағдай да өзгеше болу керек. Себебі қазір әр мемлекет көрпені өзіне қарай тартып жатыр. Қауіпсіздік кеңесінде көптеген сұрақтар бойынша ортақ пікір жоқ. Осы мәселені шешу маңызды.
Форум барысында Президент Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста тоқталып, оны шешу жайында пікір білдірді. Мемлекет басшысының сөзінше, келіссөздер арқылы келісімге келу - стратегиялық парасаттылықтың көрінісі болады. Сондықтан да тараптар қақтығысты бейбіт бітімге келіп шешулері тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл Ресейдің әскери әлеуеті, Президент Путин жүргізіп отырған саясатты халықтың қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі.
Қазақстан Орталық Азиядағы барлық жақын көршілерімен тату, әрі ынтымақтастығын сан салада нығайтқан ел. Мемлекет басшылары да жиі бас қосып, ауқымы кең ортақ мәселелерді бірлесе пысықтайды. Себебі, келісіп пішкен тон келте болмайды. Осы ретте пленарлық отырыстың модераторы Berlin Global Dialogue төрағасы Ларс-Хендрик Рёллер Қасым-Жомарт Тоқаевтан аймақтық ынтымақтастық арқылы орта державалардың ұстанымдарын тиімдірек пайдалану тұрғысынан қандай проблемалар бар екенін сұрад
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің жауабым айқын. Біздің саяси ұстанымдарымыз стратегиялық тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған. Меніңше, Орталық Азияның әлем картасындағы орны ерекшеленіп келеді. Менің аймақтағы әріптестерім мұнымен келіседі деп ойлаймын. Біз осы өте маңызды өңірдің әлеуетін нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымына келетін болсақ, мен оны нығайту керек деген сенімдемін. Өйткені оның орнын басатын ұйым жоқ. БҰҰ-да көптеген кемшілік болғанымен, бізде басқа балама жоқ. Сондықтан Қазақстан БҰҰ рөлін нығайту бойынша осындай ұстанымдағы барлық елмен ынтымақтаса беруге ниетті. Аймақтық державалар мен орта державалардың үні, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінде естілуге тиіс. Қауіпсіздік Кеңесі де реформаға мұқтаж. Өйткені ол, өкінішке қарай, тығырыққа тірелді. Ал одан шығудың жолын бәріміз бірлесіп табуымыз керек. Біз келесі жылы 80 жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсетуіміз қажет.
Тағы Президент БҰҰ-ның Жарғысы - қазіргі халықаралық жүйенің тірегі екендігін мәлімдеді. Оны бұзуға ешкімге де құқық берілмеген. Себебі оның баламасы жоқ. Сондықтан да әлем қазір де, болашақта да, ең алдымен осы ұйымның жарғысында көрсетілген қағидаттарға негізделуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем елдері күш біріктіріп, соғыс, қақтығыс атаулыны тоқтатып, керісінше диалог пен бейбітшілік жолына түсуі қажет -деді. Осы ретте мемлекет басшысы Қазақстанның – халықаралық нарыққа ашық ел екендігін айтып, әріптестік орнатқысы келген шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді жеткізді.
Риат Шони, Марат Диханбаев